"Неге ораза ұстамадың?" деп сұрау қаншалықты дұрыс?
Бұл туралы Астана медресесінің ұстазы Бекзат Азатбекұлынан сұрадық, деп хабарлайды, BAQ.KZ тілшісі.
- Бекзат ұстаз, Рамазанда ауыз бекітпеген адамнан "Неге ораза ұстамадың?" деп сұрау қаншалықты дұрыс?
- Ораза ұстау – әркімнің мойнына жүктелген парыз. Абай атамыз да өзінің сөзінде "Ақылды адамға иман – парыз, иманды адамға ғибрат – парыз" деп айтады ғой. Енді "мен мұсылманмын" деген адам – иманды адам. Оған құлшылық, ғибадат – парыз. Сол құлшылық, ғибадаттың ішіне ораза да кіреді, намаз да кіреді. Енді "Неге ұстамадың?" деген сияқты сөз айтып жататын болса, оны міндеттеме емес, жай еске түсіру, ескерту деп қабылдасақ болады. Мысалы, қасындағы адамдар мотивация беріп жіберсе, ары қарай ораза ұстап кететіндей жағдайда жүретін адамдар болады, қасындағы адамдардың бір-екі ауыз сөзін күтіп жүрген, айтқан кезде ұстап кетуі де мүмкін. Ал ары қарай "ұстамаймын" деп жатса, Исламда қинау деген нәрсе жоқ қой. "Неге ұстамадың?" деген сөз еске түсіру мақсатында ғана айтылады. Күнделікті орындалуы қажет болған іс-әрекеттерді де есіне түсіріп жатады ғой. "Неге таңғы шайыңды ішпедің, неге демалмадың?" деп, солардың қатарында деп түсінсе болады.
- Бұл жерде сіз өзіңізге сүйеніп айтып тұрған сияқтысыз. Бірақ тәкаппарлық та қосылуы мүмкін ғой? Мысалы, өзінің ораза ұстағанын, артықшылық көрген адамдар солай сұрауы мүмкін ғой?
- Иә, ол да мүмкін. Ол жағын алып қарасақ та болады. Иә, енді біз негізі шариғаттың тарапынан қарап жатырмыз ғой. Шариғаттың тарапында қинау жоқ, мәжбүрлеу жоқ. Адамның барлығы бірдей дәрежеде шариғатты ұстанып жатқан жоқ қой қазір?! Біреулер мысалы сыртқы келбетімен ғана ұстануы мүмкін. Ішінде ол мүлдем сенбеуі де мүмкін немесе ұстанып жүргендігін мақтан көретіндер болуы мүмкін. Тіпті намаз оқығандығын да мақтан көретіндер болуы мүмкін. Оның бәрін жоққа шығармаймыз. Оның барлығы – қоғамда бар, болып жатқан нәрсе. Сол сияқты біреу өзінің ораза ұстағанын айтқысы келіп, мақтанып, біреуге "Сен неге ұстамайсың? Мен ұстадым" деген сияқты айтып жатса, ол – шариғатта тыйым салынған нәрсе. Рия болып есептеледі. Өзінің амалын көрсету үшін, мақтану үшін жасалған амал. Ал жалпы біреуге ескерту – шариғатта бар нәрсе.
- Басқаны кінәлап емес, жанашырлықпен қалай ескертуге болады? Мысал айта аласыз ба? "Сен неге ораза ұстамадың?" деп айтсам, ол кішкене жиырылып қалуы мүмкін. Ал бауырыма көркем түрде қалай жеткізе аламын?
- Әр адамның өзінің деңгейіне қарау керек. Барлығына жарайтын жауап бере алмаймын. Мысалы, алдыңда тұрған адамның түсіну қабілетіне, оның өмір сүру қағидаттарына қарап жауап беру керек. Оразаға дейінгі иман шарттарын әлі дұрыс орындамаған адам болса, оған ораза ұста деген сөз артық болады. Ал енді біреу денсаулығына байланысты ораза ұстамаған болса, денсаулығына қатысты себептерін айтып беріп, оразаның пайдасын түсіндіруге болады. Әр адамға әртүрлі жақындау керек деп ойлаймын.
- Кеше Threads-тен "Ораза ұстағандар, ауыз бекіткендеріңе міндетсінбеңдер. Мысалы, сендердің көздеріңше біреу тамақ ішіп жатса, оған ала көзбен қараудың қажеті жоқ. Сендер оразаны біреу үшін ұстап жатқан жоқсыңдар" деген мағынадағы жазба көріп қалдым. Ойыңыз қандай?
- Әлбетте, ол – өте дұрыс пікір. Біз құлшылық, ғибадатты өзіміз үшін жасаймыз, басқаға міндетсінбейміз, мақтанбаймыз. Біреу жасамай жатса, оған тәкаппарлықпен қарау дұрыс емес. Өйткені "Ертең қандай халде боламын? Ертең ораза ұстай аламын ба, жоқ па? Ертең сол адамның орынында болып қалмаймын ба?" деген қорқыныш кез келген мұсылман адамда болады. Мысалы, мен бүгін намаз оқып, ораза ұстап жүргеніммен, "өлгенге дейін осылай жүремін" деп 100% кепілдік бере алмаймын ғой. Ертең қандай болатынымды білмеймін.
- Өйткені жүрек құбылып тұрады ғой, иә?
- Иә, құбылып тұрады. Сол үшін ораза ұстамай, намаз оқымай жүрген адамды көрген кезде оған тәкаппарлықпен қарауға болмайды. Бұл тек ораза, намазда емес, жалпы өмірде. Біреу, мысалы, арақ ішіп, мас болып көшеде құлап жатқан болса, тіпті оған да тәкаппарлықпен қарауға болмайды. Көшеде кетіп бара жатқанда "Мынау ішіп жатыр, құлап жатыр" деп, "мен ішпеймін" деген сияқты. Біреу, мысалы, жұмыс істеп жатады, біреу жалқауланып жатады. Оның өзінде де кей кезде "cен жалқаусың" деп тәкаппарланып жатады. Тек құлшылық, ғибадатта емес, жалпы өмірде басқа біреуді өзінен төмен санап, өзін одан жоғары көрсетіп, тәкаппарлануға болмайды. Бұл шариғатымызда ең үлкен күнәлардың қатарына кіреді. Ораза ұстаған кездері дәл осындай сипаттар кейбір адамда көрініп жатады. "Мен ораза ұстадым, сен ұстаған жоқсың", "мен намаз оқыдым, сен оқыған жоқсың" деген сияқты. Мұсылман адам ондай нәрседен аулақ болу керек.
- Көп рақмет!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы