Бүгiн 2026, 07:30 Фото: Astana Football Club

Неге инвесторлар "Астана" футбол клубын сатып алуға асықпайды?

Футбол клубтарын жекешелендіру туралы тапсырма берілгеніне бір жылға жуық уақыт өтті. 2026 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша Қазақстанда 11 клуб жекешелендірілді.

Чемпиондар лигасында ойнаған, ел біріншілігінде жеті рет чемпион атанған елорданың “Астана” командасы әзірге бұл тізімге енбей отыр. Неліктен инвесторлар клубты сатып алуға асықпайды? BAQ.KZ тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Келіссөздер жүріп жатыр

Қазақстанда футбол клубтарын жекешелендіру басталғалы бері “Астана” ФК-ның жаңа иесі туралы түрлі қауесеттер тарады. Әлеуметтік желілерде ықтимал инвестор ретінде Айдын Рахимбаев, Андрей Лаврентьев және Берік Каниевтың есімдері аталды. Алайда олардың әрқайсысы өздерін клубпен байланыстыра бастаған сәтте-ақ ақпаратты жоққа шығарып отырды. Бұл жағдай команда тағдырына деген қызығушылықты одан әрі арттырды.

2025 жылдың желтоқсанында инвестормен келіссөздер жүріп жатқаны туралы ақпарат жанкүйерлерге үміт сыйлаған еді. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеген болатын. Алайда келіссөздер сәтті аяқталмаған сияқты, команда Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымын жаңа иесіз бастады.

Министрдің айтуынша, клубты жекешелендіру жұмыстары Туризм және спорт министрлігі тарапынан Қазақстан футбол федерациясымен және “Спорт қорымен” бірлесіп жүргізіліп жатыр.

Қазіргі жағдай қандай?

BAQ.KZ редакциясы бұл мәселеге байланысты Туризм және спорт министрлігіне ресми сауал жолдады.

Ведомствоның мәліметінше, “Астана” ФК әзірге дербес заңды тұлға ретінде жұмысын жалғастырып отыр. Ал оны жеке меншікке беру мәселесі әлі талқылау және пысықтау кезеңінде.

Қазіргі уақытта “Астана” футбол клубының әрі қарай дамуының түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Клубты жеке меншікке беру мәселесі әлеуетті инвесторлармен талқыланып жатыр. Нақты шешімдер қабылданғаннан кейін қосымша хабарланады, – делінген ресми жауапта.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті де клубтың маңызын атап өтті.

Комитет “Астана” футбол клубының отандық және халықаралық футболдағы маңызын ерекше атап өтеді және оның тұрақты жұмыс істеуі мен үздік халықаралық тәжірибелерге сай дамуына мүдделі, – деп жауап берді ведомство.

Сондай-ақ министрлік Қазақстанда кәсіби футболды дамыту және коммерцияландыру бағытында кезең-кезеңімен шаралар жүзеге асып жатқанын хабарлады. Соның нәтижесінде 11 кәсіби клубқа инвестор тартылған.

Айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясы BAQ.KZ редакциясының “Астананы” жекешелендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сауалына жауап бермеген.

Активсіз клуб

Неге басқа клубтар әлдеқашан инвестор тапқанда дәл “Астана” ФК-ны жекешелендіру келіссөздері созылып кетті?

Қазақстан футболының ардагері Болат Есмағамбетов бұған екі негізгі себеп бар екенін айтады. Оның пікірінше, басты мәселе – клубтың қаржылық жағдайы мен активтердің жоқтығы.

Футбол ортасында команданың шамамен 4,5 миллиард теңге қарызы бар деген әңгіме айтылады. Бұл, ең алдымен, бизнесмендерді алаңдататын жайт, өйткені ол қарыздарды өтеу қажет. Онсыз клуб қалыпты жұмыс істей алмайды. Сондықтан алдымен осы мәселені шешу керек. Екінші мәселе “Астананың” ешқандай активі жоқ: стадионы да, базасы да, академиясы да, жері де жоқ. Сол себепті бұл жоба қазір бизнес үшін аса тартымды емес. Басқа түсіндірме көріп тұрған жоқпын, – дейді Болат Есмағамбетов.

Сонымен қатар, ол “Астананың” Қазақстан футболы үшін ерекше клуб екенін атап өтеді.

“Астана” – бұл бренд. Оны жай ғана клуб деуге болмайды. Команда Чемпиондар лигасына қатысқан, бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанған, – дейді сарапшы.

Ол сондай-ақ Қазақстан Премьер-лигасының 4-туры аясында Алматыда “Қайратқа” қарсы өткен матч нәтижесіне тоқталды. Бұл ойында “Астана” 0:4 есебімен жеңіліп қалды.

Көргенімізге қарағанда, “Астана” биыл чемпиондыққа таласпайтын сияқты, тіпті еурокубоктарға да іліне алмауы мүмкін. Өткен жылдан қалған жалақы мен сыйақылардың кешіктіріліп жатқаны туралы да естіп жүрміз. Бұл, әрине, футболшыларға әсер етеді. Бұрын табысты команда еді. Бірақ “Қайратпен” ойын “Астананың” үлкен проблемалары бар екенін көрсетті, – дейді Болат Есмағамбетов.

Алматыдағы ірі жеңілістің себептерін түсіндіре келе, сарапшы “Астанада” ойын жағынан да, ұйымдастыру жағынан да мәселелері бар екенін, ал “Қайраттың” керісінше өте мықты ойын көрсеткенін атап өтті.

Бұл команданың қалай ойнайтынын білеміз. Олар тікелей, өте жылдам ойнайды. Чемпиондар лигасында үлкен тәжірибесі бар, мықты қарсыласпен қалай ойнау керегін біледі. Ал “Астана” бұл ойында тактиканы дұрыс құрмады деп ойлаймын. Бірінші таймда “Қайрат” оларға еш мүмкіндік бермей, төрт гол соқты. Мұнда “Қайраттың” менталитеті де әсер етті. Ал “Астанада” сол баяғы мәселелер – қарыз, сыйақы, болашаққа деген сенімсіздік. Мұның бәрі ойынға әсер етпей қоймайды. Сондықтан бұл матчта “Қайрат” бір бас жоғары болды, – дейді ол.

Болат Есмағамбетовтың айтуынша, “Астананың” жасы үлкен ойыншылары жылдамдық, төзімділік және физикалық дайындық жағынан қарсыластарынан қалып бастаған. Ал жас футболшыларда тәжірибе мен тұрақтылық жеткіліксіз. Бұл құрамда теңгерімсіздік туғызып, команданың ойынына кері әсерін тигізіп отыр.

Қандай клубтар жекешелендірілді?

Қазіргі таңда 11 футбол клубына инвестор тартылған. Олардың тізімі мынадай:

  • «Қызыл-Жар» ФК – «ЦАТЭК» АҚ;
  • «Шахтёр» ФК – «Freedom Holding Corp» АҚ;
  • «Жеңіс» ФК – «Kaspi Bank» АҚ;
  • «Қайсар» ФК – «TAU GROUP»;
  • «Ақтөбе» ФК – «Qazaq Stroy»;
  • «Ордабасы» ФК – «Integra Construction KZ»;
  • «Тараз» ФК – «Sport Holding SD Family»;
  • «Тобыл» ФК – «ERG»;
  • «Оқжетпес» ФК – «Оқжетпес» қоғамдық қоры;
  • «Елімай» ФК – «KAZ Minerals»;
  • «Тұран» ФК – «Ordabasy Group» компаниясы.

Бұл клубтардың арасында жетістігі мен медиа салмағы жағынан “Астанадан” әлсіздеу командалар да бар.

Ал “Астана” ше? Бір кездері өзінің ең жарқын кезеңінде Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, Қазақстан атынан еурокубоктарда тұрақты ойнаған клуб осы тізімге қосыла ма? Командаға тек қаржы құйып қана қоймай, оның дамуына жаңа серпін беретін инвестор табыла ма?

Бұл сұрақтардың жауабын уақыт көрсетеді.

Әзірге елдегі ең титулды клубтардың бірінің болашағы бұлыңғыр күйде қалып отыр. Оның келешегіне қатысты сұрақтар жауаптан көп, ал клуб тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы әлі де ашық мәселе.

Еске салсақ, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов BAQ.KZ сайтына берген эксклюзивті сұхбатында «Астана» футбол клубын сатып алу мүмкіндігін қарастырды-мыс деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұған дейін БАҚ-та оны клубты сатып алуы мүмкін басты үміткер деп атаған.

Тағы оқи отырыңыздар:

Футбол клубтарын коммерцияландыруға салынған инвестиция 55 млрд теңгеден асты 
Қарағандының "Шахтёр" футбол клубы жекенің қолына өтті 
Михаил Ломтадзе "Жеңіс" футбол клубының иесі атанды