Неге Еуропа радиациядан қорықпайды, ал Қазақстан әлі үрейленеді?
Қазақстанда және жалпы ТМД кеңістігінде радиацияға қатысты қорқыныш тек ғылыми түсінбеушіліктің салдары емес. Бұл тарихтан, жабық саясаттан және сенім дағдарысынан туған күрделі әлеуметтік құбылыс. Ал Еуропадағы жағдай неге өзгеше? BAQ.KZ тілшісі Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің сарапшыларымен мәселені талқылап көрді.
Радиациядан қорқу қайдан пайда болды?
Қазақстан үшін радиофобияның негізгі бастауы – Семей ядролық полигоны. Қырық жылға жуық уақыт бойы жүргізілген сынақтардың нақты зардабы халыққа толық айтылмады. Аурулар, генетикалық өзгерістер, экологиялық залал мұның бәрі ресми түсіндірмесіз, ашық диалогсыз өтті.
Көпжылдық ядролық сынақтардың салдары халықтың санасына кез келген ядролық технологияға қатысты тұрақты үрей қалыптастырды. Бұл үрей нақты әрі түсінікті ақпараттың жетіспеушілігімен, сондай-ақ Чернобыль мен Фукусима атом станцияларындағы апаттар туралы қоғамдық пікірмен одан әрі күшейе түсті,- дейді агенттік сарапшылары.
Бұл тәжірибе жалғыз Қазақстанға ғана тән емес. ТМД елдерінің көпшілігі ядролық технологиямен таңдау арқылы емес, мәжбүрлі түрде бетпе-бет келді. Халық шешім қабылдау процесіне қатысқан жоқ, ал қауіпсіздік туралы ақпарат көбіне құпия сақталды.
Чернобыль мен Фукусима – үрейдің жаһандық символы
1986 жылғы Чернобыль АЭС апаты посткеңестік кеңістіктегі радиофобияны бірнеше есе күшейтті. Бұл апаттың басты соққысы тек радиациядан емес, ақпараттың жасырылуынан туды.
Алғашқы күндері шынайы жағдай айтылмады, адамдар дер кезінде қорғану мүмкіндігінен айырылды.
Кейінірек Фукусима апаты да қоғамдық пікірге әсер етті. Бірақ Еуропада және Жапонияда бұл оқиға қауіпсіздік стандарттарын қайта қарауға, ашық талқылауға және реформаларға әкелді. Ал ТМД елдерінде ол «тағы бір дәлел» ретінде қабылданды.
Қазақстанда жағдай қалай?
Қазіргі таңда Қазақстанның бұл бағыттағы стратегиясы түбегейлі өзгерді. Ол ашықтық қағидаттарына, ғылыми деректерге сүйенуге және халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтауға негізделіп отыр. Атом саласындағы шешімдер қоғаммен диалог арқылы қабылданып жатыр.
Егер радиофобия деңгейі төмендемесе, бұл атом энергетикасының ғана емес, сонымен қатар ядролық медицина, радиологиялық диагностика, онкология және ғылыми зерттеулер сияқты жоғары технологиялық салалардың дамуын тежейді. Қоғамдық қолдаудың болмауы инвестициялық жобалардың жүзеге асуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және кадрлық әлеуеттің қалыптасуына кері әсер етуі мүмкін,-дейді агенттік.
Сондықтан радиофобиямен күрес - энергетикалық қауіпсіздікпен қатар, ғылым мен медицинаның дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе болып отыр.
Еуропада неге басқаша?
Еуропа елдерінде атом энергетикасы даулы тақырып болғанымен, бірнеше маңызды айырмашылық бар. Мысалы онда апаттар, қауіптер, тәуекелдер жасырылмайды және тәуелсіз реттеушілер мен экологиялық ұйымдар бар.
Сондай-ақ Еуропада радиация туралы түсінік мектептен бастап беріледі. Және атом энергетикасы туралы шешімдер қоғамдық талқылаудан өтеді. Яғни, еуропалық қоғам радиациядан қорықпайды деп айта алмаймыз. Олар оны түсінеді және бақыланатын қауіп ретінде қабылдайды.
Радиофобия азаймаса, салдары қандай?
Агенттік сарапшылары радиациядан қорқуды тиімді түрде азайту үшін барлық аталған салада кешенді тәсіл қажет деп есептейді.
Негізгі басымдық – жоғалған сенімді қалпына келтіру үшін халықпен адал және ашық диалог құру. Түсінікті білім беру және ақпараттандыру азаматтарға физикалық құбылыстардың мәнін жақсырақ түсінуге және фактілерді ойдан шығарылған нәрседен ажырата білуге көмектеседі,- дейді сарапшылар.
Ашықтық пен үздіксіз қарым-қатынас адамдардың заманауи атом жобаларының қауіпсіздігіне деген сенімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылуда.
Бүгінде Қазақстан атом саласындағы стратегиясын дәл осы бағытта қайта құрып жатыр.
Ашықтыққа, халықаралық стандарттарға және қоғамдық талқылауға сүйену - өткен қателіктерді қайталамаудың жалғыз жолы,-дейді агенттік өкілдері.