"Неге бізден Олимпиада чемпионы шықпайды?" деген сұрақ жегідей жейді – Әлішер Ерғали
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Еркін күрестен Токио Олимпиадасы жолдамасының иегері Әлішер Ерғалимен әңгіме.
– Әлішер, күрес өнеріндегі алғашқы қадамың Жамбыл облысының Құлан ауылында басталғанын білеміз. Еркін күресті таңдауыңа ағаң Дидардың әсері болған шығар. Ол да спорттың осы түріне бейім еді ғой...
– Иә, күреске келуіме шынында да ағаларымның ықпалы болды. Туған ағам Дидар мен туысқан ағам Нұржігіт (марқұм) күнделікті жаттығуға барып жүрді. Олардың жарыстардан жеңіп алған медалдарына қызыға қарайтынмым. Сол қызығушылық мені күрес залына жетеледі. Ауылда еркін күрес үйірмесіне бір жарым жылға жуық қатыстым. Одан кейін Алматы қаласындағы "Шаңырақ" спорт мектебіне түстім. Жетінші сыныптан бастап ару қалада жаттығуымды шыңдауға мүмкіндік алдым. Көп жарыстарда бақ сынадым. Бастапқыда жеңілістің ащы дәмін татып жүрдім. Кейін шүмектеп төккен маңдай тердің жемісін көріп, жасөспірімдер арасындағы аламанда жеңімпаз атандым. Азия біріншілігінде екінші орын бұйырды. Әлем біріншілігінде үшінші орынға таласта жеңіс қолымнан сусып кетті.
Бұдан кейін жастар арасындағы жарыстарға қатысу мүмкіндіктері туды. Жастар арасындағы додада Азия біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткіздім. Әлем чемпионатында екінші орын бұйырды. Мұнан соң ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңістің биік тұғырынан көріндім. Сол арқылы өткен жылы Қытай еліндегі Азия чемпионатына барып, үздік үштіктің қатарына қосылдым. Әлем чемпионатында үздік бестікке ендім. Осы нәтиженің арқасында 97 килограмм салмақ дәрежесінде Жапония астанасы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алдым. Қысқасы, ауылдан басталған арманым орындалды.
– Әуелде сен 92 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрдің. Кейін олимпиадалық салмақ саналатын 97 килограмм салмақ дәрежесінде ересектер арасында өткен Шымкенттегі спартакиадада топ жардың. Бұл салмақта еліміздің маңдайалды балуандарынан басым түстің. Жастар арасында жарқыраған өзіңе ересектер дуы қаншалықты қиын соқты?
– Иә, мен 92 килограмм салмақта белдесіп жүрген уақытта 97 килограммда бақ сынау туралы армандадым. Арманым мақсатыма айналды. Өйткені, бұл салмақ дәрежесі Олимпиада ойындарының бағдарламасында бар. Ел чемпионатында топ жарғанда қатты қуандым. Одан кейін сары құрлық аламанында, Польшадағы жарыста өзімді жақсы жағынан көрсете білдім. Сол нәтижелердің арқасында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі туды. Әлемдік аламанның жартылай финалында үш бірдей Олимпиада чемпионы және мен болдым. Бұл жарыс менің зор тәжірибе жинауыма септесті десем қателеспеймін. Енді жатпай-тұрмай дайындалуым керек. Бұйырса, Олимпиада ойындарында медаль алсам деген арманым бар.
– Әлемдегі ең бір бәсекеге толы салмақта топқа түсіп жүрсің. Ресейлік, америкалық балуандардан өзге де мықтылар жетіп артылады. Әрине, әр спорт түрінде, әр салмақ дәрежесінде фавориттер болып жатады. Алайда жүзу спортының шебері Дмитрий Баландиннен Риода ешкім алтын түгілі, медаль күткен жоқ. Сол секілді, Сиднейде боксшы Бекзат Саттарханов Түркия мен АҚШ-тың үмітінің күлін көкке ұшырды (Олимпиада чемпионы атанады деген мықтылар Палиани мен Хуаресті жеңді). Өзің сол фавориттерге қарсы қалай дайындалып жатырсың?
– Қазақта "Күш атасын танымас" деген сөз бар. Жанкүйерлер мен мамандар бәлкім менен медаль күтпейтін де шығар. Бірақ, менің бала күннен бергі арманым – Олимпиада ойындарынан медаль алу. Сол себепті төртжылдықтың басты додасына бар ынта-шынтаммен дайындалып барамын. Олар мықты екен деп бозкілемде құлай салмаймын. Осы күнге дейін меңгерген әдіс-тәсілдерімнің бәрін қолданып, білгенімнен жаңылмауға тырысамын.
– Әлішер, осы жерде бір қызық жағдайға назар аудартқым келеді. Бір спорт түрін таңдаған ағалы-інілілер көп-ақ. Мысалы, боксшы Дәурен мен Данияр Елеусіновтер бар. Алайда, көп жағдайда ағаға қарағанда інінің спорттағы жолы табысты болып жатады. Бұның себебі неде деп ойлайсың? Сенің ағаң мүмкін өз қателіктерінен сабақ алуды айтып, тәжірибесімен бөліскен болар...
– Оның бір ғана шешімі бар шығар. Ағалар қанша дегенмен спортқа бірінші келеді. Тәжірибе жинақтайды. Бізге білгенін үйретіп жатады. Былайша айтқанда, біз таңдаған спортымыздың қыр-сырын біліп барамыз. Ал өздері сол спортты нөлден бастайды. Есесіне, бар білгенін інісіне үйретеді. Былайша айтқанда, тәжірибесімен бөліседі. Салыстырмалы түрде інілер спортқа аздап болса да бірдеңені біліп, түсініп барады. Мәселен, менің ағам спортты ерте қойып кеткенімен, маған әрқашан қолдау көрсетіп отырады. Мен оның қолдауын, көмегін сезінемін. Ең бастысы, намыс бізді жеңістің ауылына жақындатады.
– Өкінішке қарай, грек-рим күресінен Атланта Олимпиадасында Юрий Мельниченко топ жарған соң, сол грек-рим күресінен де, еркін күрестен де қазақ балуандары атой сала алмай-ақ қойды. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында топ жарған Жақсылық Үшкемпіров чемпион атанамын деп еш ойламаған. Ол Семейде шаңғыдан емтихан тапсыра алмаған соң тығырықтан шығар жол іздеп, күрес арқылы сол емтиханын жауыпты. Яғни, күрестірген балаларды жеңу арқылы күреске қатысқан. Әйтпесе, Семейге мал дәрігері болу үшін барғанын өзі де айтып жүреді. Қазақ балуандарының Олимпиадада жарқырай алмай жүргені өзіңе қалай әсер етеді?
– Менің түсінігімде әр қазақ балуанының арманы – Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионатында топ жару. Сол секілді мен де Олимпиадада жеңістің биік тұғырынан көрініп, қазақ еліне алтын медаль сыйлағым келеді. Соңғы үш-төрт жылдың бедерінде еркін күрес айтарлықтай дамып келе жатыр. Соған қарап біздің буынның жігіттерінде мүмкіндік көбірек болады деп пайымдаймын. Бұйырса, алдағы төрт жылдың бедерінде әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында қазақ жігіттері алтын жүлде алады. Бапкерлеріміз де барын салып жатқаны рас. Жан-жақты қолдау да жеткілікті.
"Неге бізден Олимпиада чемпионы шықпасқа?" деген сұрақты өзімізге жиі қоямыз. Намыстанамыз. Бұл сұрақ әрине бізді жегідей жейді. Ең бастысы, бойымызда күшіміз жеткілікті. Жанашыр боп жүрген мықты ағаларымыз бар, барлық жағдай қарастырылған. Енді алдағы уақытта біз сол қамқорлыққа алтын жүлдемен жауап бергіміз келеді. Ол күнге де жетерміз.
– Осы күнге дейін Алматы қаласының атынан сынға түсіп келгеніңмен, Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков, Бахтияр Артаев, Елдос Сметов, Ақжүрек Таңатаров секілді Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері шыққан Жамбыл облысының тумасысың. Олимпиадада облыс намысын қорғайтын кезің де келіп жетіпті. Токиода ел намысын облыс атынан қорғауыңа ағаларың септігін тигізді дегенді естідік...
– Иә, әр адам халықаралық жарыстарға мемлекетінің атынан қатысқанымен, өзінің туған жерінің спортшысы ретінде бақ сынағысы келеді ғой. Облыс спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ағалардың араласуымен Токио Олимпиадасына қатысатын ел спортшыларының қатарына енді Алматы қаласының емес, өзіміздің Жамбыл облысының атынан қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма бек қуаныштымын. Маған барлық жағдайды жасап жатқан ағаларыма тек алғысымды білдіремін. Туған жердің атынан үлкен додада бақ сынау мені қанаттандыратыны сөзсіз.