Неге Алматы автобустарында төлем банк карталары арқылы жүргізілмейді?
Қала тұрғыны Алматы әкімі Ерболат Досаевқа «ONAY» жүйесіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Төлем жүйесіне қатысты мәселе көп. Біз мемлекеттік жекеменшік әріптестік шартын жасадық. Төлемді банк жүйесі арқылы жасауға болады. Дегенмен мұндай жағдайда кейбір адамдар жеңілдіктерге ие бола алмай қалады. Төлем жүйесі бәрін қабылдай алатын құрылғы жасап шығару қажет. Мәселен метрода бірнеше төлем жүйесі бар. Ал қоғамдық көліктің іші тар, әрі бірнешеуін жасасақ, шығынға ұшыраумыз мүмкін. Сол себептен бұл мәселені қарастырарда жүйелі ойлану қажет. Қазіргі уақытта кімнің жеңілдіктер алатынын, күнделікті транзакцияның қалай жүргізілетінін көріп отырмыз. Автобус орналасқан жерден қанша адам тасымалданды, сол автобустың жүргізушісі кім екендігі бақыланып отыр. Сондықтан, менің ойымша, бәрі қалыпты жұмыс істеп тұр, – деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Алматы қаласында 75 жастан асқан зейнеткерлер ғана тегін жүре алады. Ал Астанада кез келген зейнеткер тегін жүреді. Бір елде тұрамыз, бірақ бізде 15 жылдық айырмашылық бар. Бұны қалай түсінуге болады? Сондай-ақ, төлем жүйесін банк карточкаларымен төлей алмаймыз? Метрода бұндай төлем жүйесі қарастырылған, – деп сұрады қала тұрғыны.
Расымен, үлкен айырмашылық бар екеніне келісемін. Бірақ әр қаланың өз ережелері бар. Бұл ережелер қаланың агломерациясына байланысты бекітіледі. Бірақ бізде басқа қалаларда жоқ 12-ден астам жеңілдік қарастырылған. Әлеуметтік осал топтарға мүмкіндіктер бар. Егер азамат 63 жаста зейнетке шықса, автоматты түрде жеңілдіктерге ие бола алмайды. Айта кетерлігі, 2012 жылдан бері тариф 80 теңге болып сақталып қалды. Сондықтан біз зейнеткерлердің тегін жүру жасын төмендетпейміз, – деді қала әкімі.
Осы тұста Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев қоғамдық көлікпен жүретін 12 санатты атап өтті.
Бізде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, 75 жастан асқан зейнеткерлер, 1, 2 топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар, ардагерлер, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар тегін жол жүре алады, - деді ол.