Не келісім, не соққы: Трамп Иранды ядролық келісімге келуге шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісімге тез арада келуге шақырып, қарсы жағдайда ауқымды әскери соққы жасалатынын ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Трамптың айтуынша, АҚШ-тың ірі әскери кемелер тобы Иран бағытына бет алған. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Иран келіссөз үстеліне тез отырып, баршаға тиімді, әділ әрі ядролық қарудан бас тартатын келісімге келсе екен деймін. Уақыт тығыз. Бұл – шешуші сәт. Келесі соққы әлдеқайда ауыр болады, – деді Дональд Трамп.

АҚШ президенті американдық әскери флотты USS Abraham Lincoln әуе тасымалдаушы кемесі бастап келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қажет болған жағдайда бұл кеме әскери күш қолдануға дайын.

Айта кетейік, 2025 жылдың 21 маусымында АҚШ Иранның үш ірі ядролық нысанына – Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы уран байыту зауыттарына соққы жасаған болатын. Сол кезде Дональд Трамп Иранды "терроризмнің басты демеушісі" деп атап, ядролық қауіп толықтай жойылғанын мәлімдеген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы