Үндістаннан карантинге дейін

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде шетел асып, елге оралғандардың қатарында карантиндегі азаматтар жетерлік. Бүгінгі таңда аймақта карантинге арналған екі госпиталь жасақталған. Біздің кейіпкеріміз Үндістаннан келіп, мамандардың жіті бақылауына алынғандардың қатарында. 39 жастағы қала тұрғыны карантиндегі өмірі туралы айтып берді.

Әсет Темірбаев - саяхатқа жаны құмар азамат. Өзге елдердің қайталанбас мәдениеті, халқының тұрмыс салты мен гастрономиялық ерекшеліктері қызықтырады. Осы жолы кейіпкеріміз балалық арманын орындап, Үндістанның Таж-Махал кесене-мешітін көзбен көрмекші болыпты. Енді елге келісімен, карантинге жабылды. Себебі, "коронавирус жұқтырды" деген күдік бар.

Үндістанға баруды бала кезімнен армандадым. Өткен жылы ұшаққа билет сатып алып едім. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай ушыға бастағанмен, райымнан қайтпадым. Вирус Қазақстанға жетпейді деп ойладым. Осылайша, Алматыдан Делиге ұшып келдім. Жергілікті халықтың бейқамдығына таң қалдым. Үндістер алаңсыз өмір сүріп жатқандай көрінді. Бетперде киген азаматтар да көп болмады. Антисептик деген атымен жоқ. Өзім үшін қорықпағаным да сондықтан, - дейді Әсет Темірбаев.

Саяхатшы бірінші кезекте жергілікті халықтың антисанитарлық жағдайдағы өміріне таң қалып, жағасын ұстағанын жасырмады.

Үндістан лас мемлекетке айналғаны соншалық, елде пластик пайдалануға тыйым салынған. Себебі, қоқыстан көз ашпайтын жерлері көп. Дүкенге кіріп, қарапайым пакет сұрадым, мысалы. Сатушы беруден бас тартты. Бұл - тазалық шараларын күшейту мақсатындағы әрекет. Бізде де осындай жұмыстар қолға алынса деймін. Осындай қорқынышты көргенде, әрине, бастапқыда қиналып қалдым. Бізде қоқыс жатса, айыппұл төлейсің. Дегенмен, бұл мемлекеттің мәдениеті саналуан. Саяхаттаушылардың өте көп болатыны да сондықтан. Бір аптадан кейін халықтың алаңдай бастағанын байқала бастады, - дейді ол.

Әсет Темірбаев соңғы төрт жыл бойы мұхит асып, өзге елдерге саяхаттай бастаған. Тіпті, Грузияның Батуми курортында бірнеше ай тұрған. Израиль, Мысыр, Грузия, Иордания, Палестина және Түркия - оның сүйікті елдері.

Саяхатқа ойланбастан шыға салатын әдетім бар. Үндістанға бару мүмкіндігі туғанда жеке қауіпсіздігімді де екінші орынға қойғаным бар. Енді карантинде жатырмын. Үндістанда екі апта болдым. Елге оралған сәтте Үндістанның "1 А" елдер категориясына жатқанын білдім. Яғни, осы елден келгендер 14 күн карантинде болулары керек. Мен жауапкерлігі мол азамат ретінде дәрігерлердің  бақылауында болудан бас тартпадым. Бокста жалғыз жатамын. Сыртқа шығуға болмайды. Аптасына үш рет тамақтандырады. аурухана асы маған ұнамайды, десе де, шыдауға тура келеді. Хинкали, мәнті, етті сағынып кеттім. Дәрігерлер күнбе күн келеді. Барлығы жанашыр, - дейді Әсет Темірбаев.

Әсет госпитальдегі ұжымның жанашырлығына дән риза. Карантиндегі уақытты өткізу үшін кітап оқып, кино көрумен қатар, әлеуметтік желідегі парақшасын дамыта абстаған.

Бұл жағдайға етім үйреніп кетті. Инстаграммдағы парақшама жазылушылар көбейді. Негізі, шағым айтуға дәтім бармайды. Шыдап кету керек. Бірақ, екінші рет осы жерде жатпас едім. Мен анамды, балаларымды екі апта көрмеймін. Осы жағы сәл қиындау. Достарым мен таныстарыма үйден шықпауға кеңес беремін. Денсаулық маңызды, - дейді ол.

Айта кетейік, Ертіс өңірінде 1200 адам дәрігерлердің бақылауында болған, олардың жартысынан астамы бақылаудан шығарылды. 500-ден астам азамат үй карантинінде қалса, 70-тен астам адам стационар жағдайындағы бақылауда. Бүгінгі таңда олардың тексеріс теріс нәтиже көрсетті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы