NAZIMA мен Sadraddin Дисней фильмін қазақшалауға қатысты

"Моана 2" анимациялық фильмі қазақ тіліне дыбысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада Disney ұсынған "Моана 2" анимациялық фильмінің қазақ тілінде дыбысталған көрсетілімінің тұсаукесері өтті.

Биылдан бастап "Қазақ тілі" қоғамының ұйытқы болуымен ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Disney, Sony, Pixar картиналарын дүниежүзінің 30 тілінде ғана таратады. "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы оның қатарына қазақ тілінің де қосылуы үлкен мәртебе екенін атап өтті.

Ірі халықаралық студиялардың қазақ тіліне бет бұруы, бұл өте маңызды. Әрине, елімізде бұған дейін де әлем фильмдері қазақ тілінде дубляж жасалып, көрерменге ұсынылып келеді. Бірақ олар демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Биыл "Ойжұмбақ 2" шықты, жақында "Веном 2”"қазақша шықты, бүгін, міне, "Моана 2" таныстырылды, желтоқсан айында "Муфаса. Арыстан патша" шығады. Келесі жылдың басында "Ақшақар" шығады. Алдағы уақытта бұл жұмысты өрістету үшін дубляж мектебі және тура аудармамен емес, қазақы ұғымға бейімдеп аударатын мықты мамандар көптеп қажет, - дейді ол.

Көрсетілімге тіл жанашырлары, қоғам қайраткерлерімен депутаттар, дубляж актерлары мен журналистер, блогерлер жиналды.

Шетелдік кейіпкерлерді қазақ тілінде сөйлету - тілді ілгерілетудің бірден бір жолы. Осымен тоқтамай, бірте-бірте өз кейіпкелерімізді де беру маңызды. Бірінші осындай әлемдік деңгейдегі фильмдерді аударып, кейін өз тың идеяларымызбен шығуға үлкен мүмкіндігіміз бар. Біздің тарихымызда да кейіпкерлер жетеді. Соларды жаңа идеямен беру керек, - дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Фильмнің дубляж режиссері Шахмұрат Ордабаев дубляж актерлері жайында айтты.

Фильмдегі барлық әнге, әншіге, хорға жетекшілік еткен музыкалық жетекшісі - Анель Сіргебаева. Басты кейіпкерлерді дыбыстаған жас актриса Құралай Өтепова, әндерді орындаған танымал эстрадалық әнші NAZIMA, сонымен қатар әнші, композитор Sadraddin де фильмге қатысты және Мауиды дыбыстаған театр және кино актері – Қобыланды Болат, - деді ол.

"Моана 2" фильмінде көрерменнің сүйікті кейіпкерлері Моана және Мауимен қайта қауышады. Сондай-ақ жаңадан қосылған ержүрек теңізшілермен бірге қызыққа толы сапарға аттанады. Теңізші бабаларынан аян алған кейіпкерлер Океанияның шалғай, қатерлі аймағына сапар шегіп, естен кетпес шытырман оқиғаларды бастан өткереді.

Бұған дейін "Моана 2" анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесері Алматы кинотеатрында өткен еді.

Наргиз Наркеш

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы