11 Наурыз 2026, 15:15 Фото: видеодан скриншот

Нәжіске батқан: Алматыда жоғалып кеткен бойжеткен әжетханадан табылды

Ол тірі болғанымен, қатты қорыққан және бес сағат бойы суықта қалып, тоңған.

Алматыда жоғалған бойжеткен әжетхана септигінен тірі табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматыда 10 наурыз күні жоғалып кеткен 25 жастағы қыз табылды. Әлеуметтік желіде оның нәжіске батып, әжетхананың септигінде тұрған кезіндегі видеосы тарады. 

Бойжеткеннің денсаулығына байланысты ерекшелігі болғандықтан, анасы құзырлы органдардан бірден көмек сұраған. Бес сағатқа созылған іздестіру шараларының нәтижесінде ол әжетхана септигінің ішінен табылған.

Қыздың анасының айтуынша, бойжеткенді полиция қызметкері байқаған. Ол тірі болғанымен, қатты қорыққан және бес сағат бойы суықта қалып, тоңған.

Полицей ТЖМ қызметкерлері мен жедел жәрдемді күтіп тұрмады. Жауапкершілікті өз мойнына алып, қызымды жалғыз өзі шығарып алуға талпынды. Соның арқасында қызым тірі қалды. Оған деген алғысымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, - дейді қыздың анасы.

Белгілі болғандай, полицейдің есімі - Олжас Оразалиев. Ол Түрксіб аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры. Құқық қорғау органдарында 20 жылдан бері қызмет етеді.

Осы оқиғаға қатысты Алматы қалалық ПД баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, әзірше ресми ақпарат дайындалып жатқанын хабарлады.