Назарбаевтың келіні қайтыс болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Болат Назарбаевтың жұбайы Гүлжан Назарбаева қайтыс болды.
Сұм ажал бүгін тағы да бір жақсы жанды ортамыздан жұлып әкетті... Ол - Назарбаева Гүлжан Әбішкеліні, Елбасымның туған бауыры Бөкеңнің Бәйбішесі, ГН сапа белгісінің иесі, Үшқоңыр баурайындағы Шамалған ауылында "Шұбарат" атты мейрамхана ашып, бүкіл ағайын ғана емес, әлемнің түкпір түкпірінен ағылған меймандарды қабақ шытпай қарсы алатын, бәрінің қас қабағын айтпай танып, шамасынша айналасындағыларға көмек-жәрдем беретін сынық мінезді, сырбаз көңілді, кең пейілді абзал жан еді... Бір де бір той, бір де бір жаназа, бір де бір шілдехана Гүлжан Әбішкелінінің берекелі қолдарымен жайнатылған ақ дастарханынсыз өтпейтін... Оның кең пейілі, бауырмал жүрегі, еріне, түскен жұртына, сүйікті қайын ағасы Нұр-Ағаға деген риясыз көңілі мөлдіреп тұратын... Бір дауысы шығып, ренжігенін көрмеген екенбіз... Әбіш ата мен Әлжан анамызды өз қолымен күтіп, мәпелеп, ақтық сапарға шығарып салған жан еді... Ойламаған жерден үндемей ғана күліп жүре беретін, ешкімге сыр ашып, бейберекет дабырламайтын сабырлы, салиқалы мәрт күйінде ауырғанын да білдірместен жұмысын жасай жүріп кете барды... Артында тұңғышындай еркелетіп, бетіне қарсы келіп көрмеген, тек қана үйге аман сау оралуын сұраған жан жары Бөкең, сүйікті ұлы Нұрболы, қыздары, немерелері, келіндері, жиендері, оны қимай өзектерін өрт шалған замандастары, ел-жұрты, төркіні қалды... Оның мейірімді, сымбатты, нұр шашқан сұлу жүзін енді көрмейтінімізге, ғажайып мейрамханасында үстел басында тәтті шәйінен енді іше алмайтынымызға сене алар емеспіз... Жүрегім өртеніп, Үшқоңырға ұшайын десем.... карантин, тыйым, блок-пост деп тағы өткізбей қоя ма деп тоқталдық... Қайран Гүлеке-ай! Сабырлы, сырбаз көнтерлі аруымыз-ай! Ертерек кетіп қалғаның қабырғамызды қақырата сөгіп кетті, ауылдағы жақындармен отбасыңызға тіпті ауыр соққы болды-ау! Алдыңыз жарық нұр - жәннат, артыңыз қайырлы береке болсын!
Жарқын бейнеңіз, жылы жүзіңіз Әбіш атамызбен Әлжан анамыздың босағасын берік ұстап келген аяулы, пәк, асыл келіні ретінде жүрегімізде сақталады, бақұл болыңыз, хош болыңыз, Гүлжан!!! Рухыңызға Әл-Фатиха! Құрметпен, Айша Қоғамдық Қорының жетекшісі, Әбіш ата Мешіті, Әлжан Ана атындағы қыздар Медресесі құрылысынан Айша хажы, яғни Нұр-Сұлтанның Айшасы, - делінген хабарламада.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Коронавирусты емдеу хаттамасына өзгеріс енгізілді
Келесі жаңалық
Тегін және жасырын. Тұрғындар АИТВ мәртебесін біле алады
Өзгелердің жаңалығы