Назарбаева Қырғыз елшісіне: Контрабанда ағынын тоқтатайық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Қырғыз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаевты қабылдады.

Дипломат Сенат басшысына Жогорку Кенеш төрағасы Дастанбек Жұмабековтың Қырғызстанға ресми сапармен келу туралы шақыруын табыс етті.

Бүгінгі таңда Қырғызстан мен Қазақстан саяси және экономикалық қарқынды диалог жүргізіп келеді. Өткен жылы Қазақстан президентінің Қырғызстанға мемлекеттік сапары болды, онда Қырғыз Республикасының президенті С.Жээнбековпен келіссөздер жасалды. Қол жеткен келісімдер екіжақты қарым-қатынастардың дамуына тың серпін берді әрі әріптестіктің келешегі зор бағыттары анықталды, - деді Ж. Құлыбаев.

Жээнбек Кулубаев әңгіме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстандағы саяси жағдайды тұрақтандыруға және реттеуге қосқан зор үлесін атап өтті. 

Бізде ешқандай қарама-қайшылық жоқ, біз халықаралық диалог бойынша сөйлесуге тырысамыз, - деп атап өтті ол.

Қырғызстан Елшісі өзара экономикалық іс-қимыл туралы айта келіп, екі ел басшыларының келіссөздері аясында тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу туралы келісімге қол жеткенін жеткізді. 

Экспорттық-импорттық операцияларды ынталандыру үшін тауарларды рәсімдеу және өңдеу жөніндегі логистика орталығын құру ұсынылды. Бүгінгі күні бұл тақырыпты салалық министрліктер пысықтап жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласындағы тиімді ынтымақтастық болады, - деді дипломат.

Дариға Назарбаева бұл бастамаға қолдау білдірді және шекарада логистика орталығы қажет екенін, ол сауда-экономикалық ынтымақтастықты ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Жээнбек Құлыбаев сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен Бішкек қалалары арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесіне назар аударды және екі ел арасындағы кедендік өзара іс-қимылды жолға қою қажеттігін айтты.

Сенат басшысы екі елдің кеден заңнамасын қайта қарау қажет екеніне тоқталды. 

Контрабанда ағынын тоқтатайық, біздегі бизнеске табыс табуға мүмкіндік беріп, контрабанданың тиімсіз болуына ықпал етейік. Арзан тауар түсімі адал бизнеске зиян келтіреді, - деді Д.Назарбаева.
Сенат төрағасы өңірдің су ресурстарын тиімді пайдалану тақырыбын да көтерді.
Біздегі ортақ мәселе – су болып отыр. Егін егу жұмыстары маусымы жақындаған сайын біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері суармалы судың тапшылығынан зардап шегеді. Бұл біздің фермерлердің өнім көлемін азайтады. Бұл өте сезімтал тақырып. Екі тараптың ортақ шешімге келуі аса маңызды. Су проблемасына байланысты бүкіл ауданның зардап шегіп жатқаны бізді алаңдатып отыр. Мұндай кедергілердің болғаны және жылдар бойы шешілмей келе жатқаны өкінішті, - деді Д.Назарбаева.

Сенат төрағасы кездесу қорытындысы бойынша судың тепе-теңдігі мәселелерін шешуде бірыңғай тәсілдерді әзірлеу үшін парламентаралық жұмыс тобының жұмысына қарқын беруді ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы