Назарбаева: Тамақ өнеркәсібіне мемлекеттік қолдау қажет
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауларға дайындық аясында тоқыма кәсіпорындары мен шикізат өндірісінің басшыларымен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының "Qaz Textile Industry" ұлттық бірлестігі" өзін-өзі реттеу ұйымы директорлар кеңесінің мүшесі Сәуле Шауенова еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласындағы проблемалық мәселелермен жан-жақты таныстырды. Ол бірінші кезекте заңсыз импорт көлемімен күресу мақсатындағы Үкіметтің "Шартты түрде шығаруға жол берілмейтін тауарлардың тізбесін бекіту туралы" Қаулысы аясындағы шаралар жоспарын іске асыру тетігіндегі олқылықтарды атап өтті.Кездесуде сөз алған "Qaz Textile Industry" бірлестігінің басқарма төрағасы Айгүл Дәрібаева саладағы тез арада шешуді талап ететін негізгі проблемаларды атап өтті. Оған саланың техникалық және технологиялық тұрғыда шет елдерден артта қалғаны, оның ішінде жабдықтар өнімділігінің төмендігі, тауарлар сапасының төмендігі мен өзіндік құнының жоғарылығы; өндіріс процестерін басқаруда автоматты жүйелердің болмауы жатады.
"Қазақ технология және бизнес университеті" АҚ президенті-ректоры Жұматай Оразбаев өз сөзінде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын кадрларды даярлау мәселесінде оқу орындарымен тығыз ынтымақтасуға міндеттеуді, оның ішінде грантта оқыған түлектерді жұмыспен міндетті түрде қамтуға міндеттеуді ұсынды. Кездесуге қатысушылар еңбек нарығының қажеттіліктері мен мамандарды даярлау құрылымын салыстырғанда алшақтықты талқылады.
Сенат төрағасы талқылау барысында қазақстандық өндірісті қорғау үшін импортталатын тауарларға міндетті түрде таңба салынуы туралы айта келіп, шекарада сертификаттау орталықтарын құру идеясына қолдау білдірді.
Егер біз тауарлардың ауқымды бөлігін Қытай мен Қырғызстаннан және Өзбекстаннан әкелсек, олардың сертификаттары біздің сертификатқа деген талаптарымызға сәйкес келуі тиіс. Демек, келісім болуы керек, тиісті талаптарды келісу жөнінде жұмыстар жүргізілуі керек, - деді Д.Назарбаева.Дариға Назарбаева шараны қорытындылай келіп, мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлауда басым бағыттар болмай отырғанын атап өтті.
Жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, олар бүгін басымдықта болуы тиіс. Өйткені бұл сала, біріншіден, импорт алмастыру мәселелерінде көмегі зор, екіншіден, бұл салада жұмыс орындары көптеп ашылады. Осы екі салаға қарқынды мемлекеттік қолдау қажет болады, - деді ол.Парламент Сенатының төрағасы кездесу қорытындысы бойынша Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне кездесуге қатысушылар қозғаған проблемалық тақырыптарды зерделеуді және оларды Парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Коронавирус: Жедел штаб құрылды
Келесі жаңалық
Өндірісті локализациялау келешегі талқыланды
Өзгелердің жаңалығы