Назарбаев: 2019 жыл Қазақстан халқы үшін табысты жыл болады

Астана, baq.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

"Қымбатты отандастар! 
Санаулы сәттерден соң біз Жаңа 2019 жылға қадам басамыз. 
Жаңа жыл – барша жұрт айрықша сезіммен, көтеріңкі көңілмен қарсы алатын жарқын мейрамның бірі. 
Тарих қойнауына енгелі тұрған 2018-ші жыл егемен еліміз үшін берекелі әрі мерекелі жыл болды. 
Биыл тәуелсіздігіміздің символына айналған Ақордалы Астанамыздың 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Бас қаламызды ұлықтауға барлық өңірлеріміз жұмыла атсалысып, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті.   
Жыл басында Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа  мүмкіндіктерін айқындадық.  
"Бес әлеуметтік бастаманы" жариялап, халқымыздың әл-ауқатын одан әрі арттыруды маңызды міндет ретінде белгіледік.   
Күллі түркі жұрты қастерлейтін Түркістан қаласы қайта түлеп, облыс орталығы мәртебесін алды. Шырайлы Шымкенттің халқы бір миллионнан асып, республикалық маңызы бар қала атанды. Біз халықаралық саясатта және экономикада маңызы зор шараларды жүзеге асырдық. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіндегі екі жылдық қызметін абыроймен аяқтады. Дүние жүзінің алып елдері бас қосатын осы беделді органға қаңтар айында төрағалық еттік. Сапар барысында Америка Құрама Штаттарының Президентімен кездесіп, маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік.  
Әлемнің әр түкпірінен келген дін көшбасшылары Астанада жиналып, өркениеттер диалогына үн қосты.    
Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін бекіткен тарихи құжат қабылданды.   
"Астана" халықаралық қаржы орталығын жаһан жұртына таныстырып, тың бастамаларды қолға алдық.   
Орталық Азия мемлекеттерінің бес президенті біздің елордада бас қосып, тату көршілік қатынастарды жандандырдық. 
Тәуелсіз Қазақстанның нышаны саналатын төл теңгеміздің 25 жылдығын атап өттік.  
Ұлы даладағы ежелгі көшпенділер өркениетінің жаһандық маңызын қайта жаңғырттық.  
Осы айтулы мерекелер мен ауқымды шаралар елдігімізді танытып, бірлігімізді бекемдей түсті. Бұл жетістіктерге өздеріңізбен бірге жеттік, игі бастамаларды бірге жүзеге асырдық.    
Ардақты ағайын! 
Жаңа жылды әр адам үкілі үмітпен, ізгі ниетпен және ақ тілекпен қарсы алады. Келер жыл жағымды жаңалыққа, қуанышты сәттерге толы болсын!  
Табалдырықтан аттағалы тұрған 2019 жыл әр отбасыға молшылық пен жақсылық әкелсін!", - деді Президент.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы