Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары онлайн жүйеде оқиды
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде карантин жариялануына байланысты мектеп оқушылары 4-тоқсанды үйде бастауға мәжбүр болды. Орта мектеп оқушылары "Балапан", "Ел арна" каналдары арқылы сабақ оқуды бастап кетті. Ал Назарбаев Зияткерлік мектептері білім беру үрдісін онлайн жүйеде жалғастырады.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде онлайн оқу – Microsoft Teams бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Оның артықшылақтары туралы Петропавл қаласындағы зияткерлік мектеп мұғалімі Данияр Уәлиев айтып берді.
Қазіргі жағдайда Microsoft Teams біз үшін таптырмас бағдарлама. Біздің мектептің ұжымы оны көптен бері пайдаланып келеді. Әсіресе қыста күн суытып, ауа райына байланысты балалар сабақтан босатылған кезде біз білім беру үрдісін осы бағдарлама арқылы жалғастырып келдік. Бүгінгі күні де сол тәжірибемізді еш қиналмастан жалғастырып кеттік. Бұл бағдарламаның ең басты артықшылығы – оның қауіпсіздігінде. Сақталған мәліметтерді үшінші бір тұлғалар ала алмайды. Microsoft компаниясы оған кепілдік береді. Мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс та осы қосымшада жүзеге асырылады. Оқушылар Whatsapp, Telegram сынды тағы басқа қосымша байланыс құралдарын пайдаланбайды, - дейді Данияр Серікұлы.
Маманның айтуынша, үй тапсырмасы, қосымша матералдардың барлығы аталған жүйеге жүктеліп тұрады. Оқушылар орындалған тапсырманы мұғалімге дәл осы әдіспен кері жолдайды.
7-сынып оқушысы Құралай Амантай үшін бүгінгі таң көңілді басталды. Себебі, ол интернет арқылы көптен бері сағынып жүрген сыныптастарымен, сүйікті ұстаздарымен қауышты. Балалар онлайн режимде бір-бірімен сөйлесіп, сабақ оқып, мәре-сәре болып қалды.
Бүгінгі сабақтарым жақсы өтті. Орыс тілі, математика мен қазақ тілі пәндерін оқыдық. Мұғалімдерімді мұқият тыңдап, жаңа тақырыптарды түсініп алдым. Енді сәл бой жазып, үй тапсырмасын орындауға көшемін, - дейді Құралай.
Бүгінгі күні Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде 20 білім ордасы бар. Олардың барлығы білім беруді онлайн жүйеде жүзеге асырады. Айта кету керек, қашықтықтан оқытуға байланысты әр сабақ уақыты екі есе қысқартылды.