Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев зияткерлік мектебінде болды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріне жұмыс сапарымен келген еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті.

 Мектеп директоры Ринат Жұмабаев мектептің қызметі туралы айтып берді.

«Осыдан алты жыл бұрын ашылған білім ордасында 644 ұл-қыз оқиды Бүгінде зияткерлік мектеп оқушылары 33 патентке және 57 инновациялық жобаге ие болған. Биылғы жылы 118 оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшпақ. Олардың 25-і шетелдік – Ресей, Чехия, Қытай, Испания, Оңтүстік Корея, АҚШ, Катар мемлекеттерінің гранттарына ие болып үлгерді. Кейбірінде 5-6 грант ұтып алған. Биыл мектебіміз халықаралық CIS аккредитациясынан сәтті өтті», - деді Ринат Жұмабаев.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп ішіндегі Model United Nations клубының тыныс-тіршілігімен танысып, жас дарындармен әңгіме өрбітті.

«Білім - ең қымбат қазына. Сондықтан талмай, шаршамай ізденіп, білім алу керек. Бұл - ең таңдаулы мектептердің бірі. Сапалы білім алу үшін барлық мүмкіндік жасалған», - дейді Президент.

11-сыныпта оқитын Дияр Түленов бүгінде көптеген халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған.

«Индонезия, Ресей, Португалия, Вьетнам және Австралияда өткен халықаралық олимпиадаларда Қазақ елінің намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көріндім. Бұл жетістік - ұстаздарым мен мектебімнің қолдауының арқасында келген бақ. Болашағымды физика ғылымымен ұштастырсам деймін, ғалым болуды армандаймын», - дейді Дияр Түленов.

Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жасқа Нобель сыйлығының иегері болуды тіледі.

Еске салсақ, зияткерлік мектепте 720 оқушы оқиды. Білім ордасының құрамында 60 оқу кабинеті, 11 зертхана, екі спортзал, тренажер залы, 378 орындық мәжіліс залы, 305 балаға шақталған асхана, кітапхана сияқты нысандар бар. Балаларға саналы тәрбие мен сапалы білімді 131 білікті маман береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы