Назарбаев әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

Бүгін Халықаралық әйелдер күніне орай Ақордада мерекелік жиын ұйымдастырылды. «Көктем шуағы» деп аталатын салтанатты шараға елімізге еңбегі сіңіп, түрлі салада жетістікке жеткен арулар қатысып отыр. Олардың қатарында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, актриса Самал Еслямова, көпбалалы ана, ауыл әкімі, әнші, ақын, дәрігер, мұғалім, қолөнер шебері, кәсіпкер, шаруа мен түрлі саладағы үздік жұмысшылар бар.


«Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүрегіммен құттықтайын деп шақырдым. Қазақстанның қыз-келіншектері, аналар, апалар мына залдың ішіне сыймайды. Сондықтан бүгін кешке үлкен концерт болады. Сол жерде барлығына айтарымызды айтамыз. «Ананың құдіреті шексіз. Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп халқымызда тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына Ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқтап, бітімге келетінін біз білеміз. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек, толқымайтын көңіл болмайды. Мемлекетіміз көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент «Нұр Отан» съезінде тиісті тапсырмалар бергенін еске салды.

«Оның барлығы жылдың ортасында басталады деп айтылғанымен, мен кеше мұқтаж аналарға, балаларға келесі айдан бастап көмек берсетіңдер деп тапсырма бердім. Көмек, қамқорлық әрдайым межеленіп арта береді. Екінші жағынан, біз нарықтық экономикада халықты қол жайып Үкіметтен сұрай беруге бейімдемеуіміз керек. Бұндай жағдай жоқ. Ол баяғыда, Кеңес Одағында болған. Сол кезде барлығы туғаннан кейін тегін балабақшаға, содан кейін мектепке алынып, одан оқу бітіртіп, оларға жұмыс беретін. Бұндай заман қазір жоқ. Сол кездегідей болатын болса, барлық тапқанын мемлекет жинап алып, содан кейін бөліп отыратын. Қазір әркім өз табысын өзі пайдаланатын кезде балаларды қалай асырау керек екенін, оларды оқыту қажет екенін, бүгінгінің бәрі қаржы екенін ойлану керек. Бірақ қиын жағдайда, әрине, Үкімет көмектесуі керек. Үкіметтің алғашқы міндеті – жұмыс беру», - деді Қазақстан Президенті.


Қымбат Елтайқызы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы