Назарбаев университетіне қарап бәрі бой түзейді – Елбасы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осымен бесінші түлектерін шығарып салып отырған Назарбаев университетінің түлектерін құттықтады.
«Қымбатты түлектер! Қадірлі ұстаздар! Бүгін біз баршамыз ерекше есте қалатын салтанатты рәсімге жиналып отырмыз. Бұл біздің – бесінші мәрте жиналуымыз. Еліміздің мақтанышына айналған Назарбаев университеті түлектерінің бесінші легі үлкен өмірге жолдама алды. Тәуелсіздік жылдары жасалған көптеген шаруаның ішіндегі ең бір жақсысы да, қажеті де – осы университет болды деп санаймын. Бұл – студенттер мен ата-аналар қауымы, оқуытушылар мен университет ұжымы үшін мәртебелі, әрі мерейлі сәт. Осыған орай сіздерді және еліміздің қазіргі жоғарғы оқу орындарын бітіріп отырған барлық жастарды шын жүректен құттықтаймын», - деді Назарбаев.Елбасы, қысқа мерзім ішінде білім ордасы халықаралық деңгейдегі беделді оқу орындарының қатарына қосылғанын атап өтті.
«Осы күні университет заманауи білім беру жүйесін қалыптастырып, еліміздегі жоғары оқу орындарының көшін бастап келеді. Бұл университетке қарап бәрі бой түзейді. Сол үшін осы жылдардың ішінде көп жұмыс атқарылды. Ең алдымен, оқытушылар мен университет ұжымы зор еңбек сіңірді. Мен оны ылғи бақылап отырамын. Биыл университетті 900-ден астам студент табысты аяқтағалы отыр. Түлектеріміз егемен елімізді өркендетіп, Қазақстанды заман талабына сай жаңғыртуға атсалысса екен деймін», - деді ҚР Тұңғыш президенті.
Нұрсұлтан Әбішұлы елдің болашағы жастардың қолында екенін сол үшін бізге білімге жастар керек екенін айтты.
«Біздің көріп отырған болашағымыз, дүниежүзіндегі жағдай - білім мен ғылымы дамыған ел ғана озық бола алатынын, бәсекеге сай бола алатынын көрсетіп отыр. Соған дайын болу үшін мен сендерді дайындадым. «Болашақ» бағдарламасымен білім алған, осы университетті аяқтаған алдыңғы қатарлы жастар мемлекеттің әрбір саласында жұмыс істеп, елімізді болашаққа бастайды деп сенемін», - деді Елбасы.
Айта кетейік, биыл университетті 963 студент бітіріп отыр. Оның ішінде бакалавриат бойынша оқығандар саны - 565, магистранттар - 378, медицина докторы - 14 және және 6 студент докторантура бағдарламасы бойынша тәлім алған.