Жақсылық Үшкемпіров: Нұрсұлтан Назарбаев сынды азаматтар мың жылда бір туады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. Бұл шешімді қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Алматы облыстық мәслихаты жанындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Жақсылық Үшкемпіров қолдайтынын жеткізді.


«Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанғалы ел өмірінде көп жаңалық болды. Спорт саласының ардагері ретінде ой толғайтын болсам, 30 жылға жуық уақытта бұған дейін біз көрмеген талай спорт кешендері салынды. Оның барлығы ел үшін, ұлт үшін.

Халықаралық талаптарға сай тұрғызылған нысандарда олимпиада ойындарын да өткізуге мүмкіндік бар. Бұның барлығы – ауыз толтырып айтарлық іс. Тек қана спорт емес, барлық салада Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі мол. Астананың атауын өзгертуге қатысты көп пікір айтылып жатыр. Ерте ме, кеш пе елорданың Нұр-Сұлтан деп өзгертілуі – заңдылық еді. Өйткені ол ел үшін көп еңбек сіңірді. Сондықтан, мен бұл жаңалықты қуана қабылдадым.

Қазақстанның әр қаласында Елбасының есімі көшелерге беріліп жатыр. Алматыда Фурманов – Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді. Қазір жаңа атауға үйреніп қалдық. Астананың да жаңа есімі тез арада құлаққа сіңімді болып кетеді деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев сынды азаматтар мың жылда бір туады. Елбасының кемеңгерлігіне, көрегендігіне еш шүбәм жоқ. Оны бағалай білуіміз керек. Шағын мекемені басқарудың өзі оңай емес, Нұрсұлтан Әбішұлы ел тізгінін ұстап, бізді әлемге танытты. Сондықтан ол кісінің істеген жақсылығын мәңгілік айтып жүруіміз керек.
Осындайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елдігімізді көрсетуге міндеттіміз», - деді Жақсылық Әмірәліұлы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы