Назарбаев Шейх Хамдан бен Рашид Әл Мактумның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Шейх Хамдан бен Рашид Әл Мактумның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы Еlbasy.kz сайты хабарлады.
Елбасы Шейх Хамдан бен Рашид Әл Мактумның қайтыс болуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянға және Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министрі, Дубай билеушісі Шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумге көңіл айту жеделхаттарын жолдады.
Шейх Хамдан бен Рашид Әл Мактумның өмірден озғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым.
Осы қаралы күнде қайғыларыңызға ортақтаса отырып, сіздерге және барша Әмірліктер халқына көңіл айтамын.
Шейх Хамдан өзінің саналы ғұмырын халқының игілігіне, әрбір отандасының мүддесін қорғауға арнады.
Ол Біріккен Араб Әмірліктері құрылған уақыттан бері жауапты лауазымдарды атқарып, мемлекеттің гүлденуіне қосқан елеулі үлесі арқылы ел тарихында өшпес із қалдырған Отанының көрнекті перзенті. Сондықтан оның жарқын бейнесі Әмірліктер халқының жүрегінен өшпес орын алатынына сенімдімін, –делінген жеделхаттарда.