Назарбаев: Шекарамызды түпкілікті айқындап алдық
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында еліміздің шекарасын бекіту мәселесіне атсалысқан Ресей мен Қытай басшылықтарына ризалышылығын білдіретінін айтты.
Тұңғыш Президенттің айтуынша, жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық шекарамызға қатысты халықаралық келіссөздер жүргізу оңай болмаған. Тарихи сәтті еске ала отыра, уағдаластыққа қол жеткізуге көмектескен елдерді атап өтті.
Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді. Біз Ресейдің және оның президенті В.В.Путиннің, Қытай басшылығының тарихымыздағы сол маңызды сәтте көрсеткен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ризашылықпен есте ұстауға тиіспіз, - дейді Елбасы.
Тұңғыш Президент мақаласында патша заманында, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен ресімделмеген ұланғайыр жеріміздің шекарасын айқындап, бабалар аманатын орындағанын атап өтті.
Келіссөз барысында өзара түсіністік пен тараптардың мүддесіне деген құрмет ахуалын қалыптастыра отырып, біз жүйелі түрде халықаралық келісімшарттар жасасып, мемлекеттік шекарамызды түпкілікті айқындап алдық. Солайша, бабалар аманатын орындау үшін және күндердің күнінде өз ұрпағымыздың алдынан бұдан да ауыр қиындықтар шықпауы үшін түйткілдер мен кедергілердің бәрін еңсеріп, қолға алынған істі ақырына дейін жеткіздік, - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.