Назарбаев Маргарет Тэтчерге сыйлаған «Достық» ордені сатылымға шықты
Қазақстанда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчерге берілген «Достық» ордені британдық интернет-дүкеннің сайтында сатылымға шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Peter Harrington сайтында жарияланған хабарландыруға сәйкес, «Достық» ордені 12 500 фунт стерлингке (шамамен 7,9 млн теңге) бағаланып отыр. Бұл орден Маргарет Тэтчерге 2001 жылы Қазақстан мен Ұлы Британия арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін табысталған.
Фото: peterharrington.co.uk
Хабарлама сипаттамасында жазылғандай, орденнің өзі өте жақсы сақталған, тек оның қорабының астында аздаған сызат түскен.
Айта кетейік, «Достық» ордені халықаралық ынтымақтастықты жоғары деңгейде ынталандыру мақсатында 1995 жылы тағайындалды. Қазақстанда бұл орден қоғамдағы өзара келісімді сақтаудағы жемісті еңбегі, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы қызметі үшін марапатталады.
Маргарет Тэтчер осы орденмен марапатталған жетінші адам болды. Басқа марапатталған танымал тұлғалар қатарында АҚШ президенттігіне бұрынғы үміткер Хиллари Клинтон, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун және Сингапурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю да бар.
Маргарет Тэтчер - британдық саясаткер, 1979-1990 жылдар аралығында Ұлыбританияның премьер-министрі және Консервативтік партияның жетекшісі болды. Ол елдің бірінші әйел премьер-министрі болды және мемлекеттің экономикаға араласуын азайтуға, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруге және нарықтық механизмдерді нығайтуға бағытталған қатал экономикалық саясатымен танымал.
Тэтчер «Темір ханым» деген лақап атқа саясаттағы және халықаралық істердегі мызғымас ұстанымы үшін ие болды. Оның билігі экономикалық табыстармен де, әлеуметтік қақтығыстармен де қатар жүрді. 2013 жылдың сәуірінде саясаткер өмірден озды.