Назарбаев ҚХА төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтіп жатыр.
«Өздеріңіз білетіндей, әр сессияда біз ротация тәртібімен, сіздердің келісімдеріңізбен Ассамблея төрағасының жаңа екі орынбасарын тағайындаймыз. Олар түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері саналады. Ассамблея кеңесінің ұсынысы бойынша, «Вайнах» шешен-ингуш халқының мәдениетін дамыту қауымдастығының басқарма мүшесі Юсуп Келиговты және елордадағы Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Болатовты Ассамблея төрағасының орынбасары ретінде тағайындау туралы Жарлыққа қол қойылды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жаңа орынбасарларды қызметтерімен құттықтады.
Атап өтсек, сессияға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр. Жиын тақырыбы: «Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту».
Сессия жұмысына 1500-ге жуық адам қатысуда. Олардың қатарында бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.
Сессия соңында салтанатты концерт ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып жатқаны туралы және Елбасы халықтар бірлігін сақтауға шақырғаны туралы хабарлағанбыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Перизат Қайрат 10 жылға соттала ма
Өзгелердің жаңалығы