Назарбаев «Ел үміті» жобасының негізгі мақсаттарын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасының «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамалары аясында ұйымдастырылған қабілетті балалар мен жастарды қолдауға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты онлайн-форум өтті.

Елордада өткен орталық форумға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева, «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының  қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Президенттің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев қатысты.

Форумның басты қатысушылары «Ел үміті» бастамасының - «Елбасы медалі» жобасы, «Ел мақтанышы» сыйлығы, ауыл оқушылары арасында өткен «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары болды.

Форумды Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге әрқашан баса назар аударып келе жатқанын атап өтті.

Жастар жылы аясында дарынды балаларды қолдау мақсатында мен «Ел үміті» бастамасын ұсындым. Сонымен қатар, біз «Қамқорлық» атты маңызды жобаны іске асыра бастадық, - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Ел үміті» жобасы елдің белсенді жастарын интеллектуалды және шығармашылық даму, ұлттық мәдениет пен дәстүрді түсіну, мұқтаж жандарға көмек көрсету жолында біріктіргенін атап өтті.

Елбасы «Қамқорлық» бастамасын іске асырудың маңыздылығына назар аударды.

Бүгін еліміздің сегіз аймағында ашылған ауруханалар жанындағы оңалту орталықтары және мектептердегі инклюзияны қолдау бөлмелері жыл сайын 5 мың бала үшін ең жақсы жабдықты қолдана отырып, әлемдік әдістер бойынша ақысыз кешенді оңалтуды қамтамасыз етеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Форум аясында «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларына қола медальдар, халықаралық олимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына «Ел мақтанышы» сыйлығы, сондай-ақ ауыл оқушылары арасында өткен «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды.

«Ел Үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының жобалары іс жүзінде қоғамымыздың қажеттіліктеріне толық сәйкес келетіндігін дәлелдеді. Алдын ала қорытындылар бұл бастамалардың елеулі саяси және әлеуметтік әсерін көрсетті.

Осылайша, жобаларға тікелей тартылған қазақстандықтардың саны 365 мыңнан асты, ал қатысушылардың жалпы саны - 1,5 млн адам. Онлайн және офлайн іс-шараларға оқушылар, студенттер, ата-аналар, мұғалімдер мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатысты.

Форум соңында даму ерекшеліктері бар балаларға арналған 8 оңалту орталығының ашылу рәсімі өтті. Орталықтарды құруды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры өңірлік әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырды. «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ орталықтарды арнайы жабдықтармен қамтамасыз етті.

Әр орталықта 13-тен астам кабинет бар. Олар ЕДТ және механотерапия, бальнеотерапия, эрготерапия, физиотерапия, логопедия, дефектология, БКБ терапия залдары, шунгитті және тұзды бөлмелер.

Бұндай орталықтар жыл сайын даму ерекшеліктері бар 5 мың балаға көмек көрсете алады, онда саны 30-дан астам әр түрлі кешенді қызмет түрлері тегін көрсетіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы