«Наз» мемлекеттік би театрына - 25 жыл
Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының 25 жылдығы аясында «Алдар көсе» хореографиялық спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл қойылым – театрдың XXV маусымдағы ірі жобаларының бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қойылым басталмас бұрын сахнадан құттықтаулар оқылып, марапаттар тапсырылды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, TURKSOY халықаралық ұйымы Бас хатшысының Қазақстан бойынша кеңесшісі, Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев TURKSOY медалін театрдың көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер Қадиша Ағымбаеваға табыс етті және Құрмет грамоталарын Бас хатшы Сұлтан Раевтың атынан тапсырып, құттықтау хатын оқып берді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Оңаева «Наз» театрының тарихына, өнерде алатын орнына тоқталып өтті. Өнер ұжымын Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Талпақова құттықтады.
«Алдар көсе» хореографиялық спектаклі либреттосының авторы – Нұрлан Сегізбаев. Қоюшы балетмейстерлер – Уәлитбек Сиязбеков пен Әмина Самарбаева. Композиторы – Алмабек Мейірбеков. Қойылым «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ұсынылды. Музыканы өңдеген әрі дирижерлік еткен – осы оркестрдің көркемдік жетекшісі Қасым Айтбаев. Алдар көсе бейнесін Санат Қалимбетов сомдады.
Спектакльде Алдар көсенің бастан кешкен оқиғалары, сараң байдың қулығы мен жамандығы әшкере болады. Ғашықтар оқиғасы да қамтылған. Көрермен Елентай мен Айсұлумен бірге қуанып, бірге мұңаяды.
Театрдың басты ұстанымдарының бірі – қазақ фольклоры мен этнографиясын насихаттау болса, қойылымда қазақтың тұрмыс-салт жырлары, дәстүрлері де көрініс табады. Жалпы «Наз» мемлекеттік би театры соңғы жылдары қазақ хореографиясында ерекше орын ала отырып, тек танымалдыққа ғана қол жеткізбей, сонымен қатар көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді. Театр шығармашылығы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танылды. Осы уақыт ішінде театр хореографтары өз қойылымдарында романтикалық нәзіктік пен драмалық шиеленістен бастап, кең ауқымды эмоциялар мен терең сезімдерге дейінгі түрлі оқиғаларды көрсетуге жетті. Театр бірнеше буын хореографтар мен орындаушыларды тәрбиелеп, олардың еңбектері арқылы театрдың даңқты дәстүрлерін жалғастырып келеді. Театрдың жетістігі мен құпиясы да, бәлкім, осы адалдық пен шеберлікте жатқан шығар, - дейді «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Еркебұлан Ағымбаев.