Найзағай түскен 10 жасар астаналық бала қаза тапты
Ақмола облысының Біржан сал ауданында найзағай түсуінен қайғылы оқиға болды. Найзағай түскен 10 жасар бала қаза тапса, 15 жастағы екінші жеткіншек ауыр жарақат алып, аудандық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
20 тамыз күні сағат 14:00 шамасында Үлгі ауылында екі бала далада жүрген кезде найзағай соққан. Олар – Астанадан барған балалар.
2015 жылы туған 10 жастағы бала оқиға орнында қаза тапты. Ал оның 2010 жылы туған досы ауыр жарақат алып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.
Полиция бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Қауіпсіздік ережелері қандай?
Мамандардың айтуынша, найзағай кезінде ашық алаңда жүру өте қауіпті. Әсіресе, жалғыз тұрған ағаштың астына тығылу немесе металл заттарды (велосипед, темір конструкция, телефон, т.б.) пайдалану қауіптің күшеюіне әкеледі.
Қауіпсіздік үшін кеңестер:
• Найзағай кезінде ашық далада қалмау;
• Жақын маңда ғимарат болса, дереу ішіне кіру;
• Металл заттардан аулақ болу;
• Телефон пайдалануды шектеу;
• Автокөлік ішінде болсаңыз, терезелерді жауып, іште отырған жөн.
Бұл қайғылы жағдай найзағайдың қауіпсіздік шараларын сақтамаған кезде қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте еске салды.