Найзағай, бұршақ, қатты жел: Ел аумағында дауылды ескерту жарияланды
Синоптиктер ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырды.
«Қазгидромет» РМК бүгін, 10 мамырда дауылды ескерту жариялап, еліміздің барлық өңірінде ауа райының күрт нашарлайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің мәліметінше, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және барлық 17 облыста найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі.
Астанада ауа температурасы күндіз 12–14 градусқа дейін төмендеп, 11 мамырға қараған түні топырақ бетінде үсік күтіледі.
Алматыда жаңбыр мен найзағай болжанып отыр, кей жерлерде қатты жаңбыр мен бұршақ түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Шымкентте де найзағаймен бірге қатты жаңбыр күтіледі. Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында да ауа райы тұрақсыз болып, кей жерлерде дауыл мен шаңды дауыл болжанған.
Солтүстік және шығыс өңірлерде – Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Ақмола облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі.
Батыс өңірлерде – Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында да жаңбыр мен найзағай болады, кей жерлерде тұман түседі.
«Қазгидромет» тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырды. Әсіресе ашық ауада жұмыс істейтіндер мен көлік жүргізушілеріне ерекше назар аудару ұсынылды.