Бүгiн 2026, 05:18 Фото: magnific.com

Найзағай, аяз және өрт қаупі: 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды

Синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, ауа райының қолайсыздығын ескеріп, алыс жолға шыққанда абай болуға шақырды.

«Қазгидромет» РМК бүгінге, 17 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялап, еліміздің 16 өңірі мен Шымкент қаласында дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар аймақта шаңды дауыл, найзағай, тұман, қатты жел, аяз және өрт қаупінің жоғары деңгейі күтіледі.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында түнгі уақытта тұман түсіп, кей жерлерде жаңбыр мен қар жаууы мүмкін. Сонымен қатар, өңірлерде топырақ бетінде 1-2 градусқа дейін аяз болады деп болжануда.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 20-23 м/с дейін жетеді. Жамбыл облысының таулы аудандарында найзағай ойнап, жел екпіні 28 м/с дейін күшеюі ықтимал.

Маңғыстау облысында жаңбыр, найзағай және тұман күтілсе, облыстың орталығында қатты жауын жаууы мүмкін. Алматы және Жетісу облыстарында да екпінді жел сақталады.

Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман болжанып отыр. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында жел күшейіп, өңірлерде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Шымкент қаласында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.

Синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, ауа райының қолайсыздығын ескеріп, алыс жолға шыққанда абай болуға шақырды.