Найзағай, алғашқы қар мен аяз: Қазақстанды қыркүйек соңында қандай ауа райы күтіп тұр
28-29 қыркүйекте Қазақстанда суық антициклонның әсерінен қатты жел соғып, кей аймақтарда жаңбыр қарға ауысады. Солтүстікте аяз күтіліп, ел бойынша температура күрт төмендейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Қазгидрометке" РМК синоптиктерінің мәліметінше, Қазақстанның солтүстік бөлігінде ауа райын солтүстік-батыс циклоны айқындайды. Ол жаңбыр әкеліп, кей жерлерде қатты жауын жауады.
Елдің оңтүстік аймақтарында оңтүстік циклонның әсерінен найзағайлы жаңбыр күтіледі. Республика бойынша жел күшейіп, түнгі және таңертеңгі уақытта кей жерлерде тұман түседі.
28 қыркүйектен бастап суық антициклон келуімен алдымен солтүстікке, кейін оңтүстікке қарай салқын ауа тарайды. Соның әсерінен Қазақстан аумағында температура айтарлықтай төмендейді.
• Батыс өңірлерде түнгі температура +3…+8 градус аралығында болып, күндіз +13…+22 градусқа дейін жылынады.
• Оңтүстік-батыста түнгі көрсеткіш +10…+15-тен +7…+12 градусқа дейін төмендеп, күндіз +18…+23 градусқа дейін көтеріледі.
• Солтүстік және солтүстік-батыста түнде -1…-6 градус аяз күтіліп, күндіз +3…+10 градусқа дейін ғана жылы болады.
• Павлодар облысы мен орталық аймақтарда түнгі температура +5…+15-тен +2…+7 градусқа дейін төмендеп, күндіз +22…+28-ден +7…+18 градусқа дейін түседі.
• Шығыста түнгі температура +2…+10 градус аралығында, күндіз +25…+30-дан +20…+25 градусқа дейін төмендейді, ал солтүстік аудандарында күндіз +10…+15 градус күтіледі.
• Оңтүстікте түнде +5…+13 градус болып, күндіз +15…+28 градусқа дейін жылы болады.
• Оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнгі температура 0…+5 градус, күндіз +15…+20 градус аралығында. Аймақтың басқа бөліктерінде түнде +10…+15, күндіз +23…+30 градусқа дейін жетеді.