Нәутиев Үкіметті отандық бизнесті қолдауға шақырды
Атыраудағы жүн бұйымдарын өндіру кәсіпорнындағы күрделі жағдай өңірдегі де, еліміздегі де жеңіл өнеркәсіптің дамуына теріс әсер етіп отыр. Сенатор Әлібек Нәутиев өзінің депутаттық сауалында мемлекеттік сатып алуды өткізу және кәсіпорынды субсидиялау қағидатын қайта қарау қажеттігі туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутаттың айтуынша, табиғи жүнді өңдеумен айналысатын кәсіпорын ұзақ уақыт бойы, оның ішінде Қорғаныс министрлігінің қажетіне өнім шығарып келген болатын. Алайда, қазір компания тапсырыстың болмауына байланысты банкрот болудың алдында тұр. Мәселенің мәнісі 2020 жылы сатып алу ережелері өзгеріп кетуіне байланысты болып отыр. Жабдықтаушылар, әдетте, өнім өндірмейтін ұйымдарды таңдап алады, бірақ олардың өнімді бюджеттік ақшаға шетелден импорттап отырғаны назардан тыс қалады.
Егер кәсіпорын мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілсе, ол еліміздің ішкі қажетін қамтамасыз ету мен өнімін экспортқа шығаруға мүмкіндік берсе – жағдайды өзгертуге болады. Сондықтан жүннен жасалған бұйымдарды қайта өңдеудің және саудаға шығарудың толық циклін жүзеге асыратын кәсіпорынның бірегейлігін ескере отырып, тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша жүннен және жартылай жүннен жасалған көрпелерді жеткізуді жүзеге асыру мүмкіндігін табу қажет. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы жүнді терең өңдеу үшін субсидиялар берілсін, - деп атап өтті Әлібек Нәутиев.
Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осы мәселені қарауды, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржысы есебінен субсидия ретінде қазақстандық кәсіпорынға жәрдемдесуді ұсынды.