Наурызнама онкүндігі аясында елімізде 700-ден астам спорттық іс-шара өтеді
Бағдарламаға негізінен қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени мұрасын дәріптейтін ұлттық спорт түрлері енгізілген.
Наурыз мейрамы қарсаңында 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігі аясында ел бойынша 747 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарыстарға шамамен 150 мың адамның қатысуы күтілуде. Іс-шаралар барлық өңірде – ауылдық округтерден бастап аудан, қала және облыс орталықтарына дейін өткізіледі.
Бағдарламаға негізінен қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени мұрасын дәріптейтін ұлттық спорт түрлері енгізілген. Атап айтқанда, қазақ күресі, асық ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, құсбегілік, аударыспақ, көкпар және теңге ілу жарыстары жоспарланған.
Сонымен қатар мереке аясында халық ойындары мен спорттық жарыстар да өтеді. Олардың қатарында қой көтеру, жілік сындыру, ләңгі тебу, арқан тарту, алыптар сайысы сияқты дәстүрлі ойындар бар. Бұдан бөлек, шағын футбол, волейбол, үстел теннисі және дзюдо турнирлері ұйымдастырылады.
Өңірлер бойынша ең көп спорттық іс-шаралар Ақмола және Маңғыстау облыстарында (88), Павлодар облысында (80), Қостанай облысында (77), сондай-ақ Түркістан облысында (65) жоспарланған.
Наурызнама аясындағы спорттық іс-шаралар саламатты өмір салтын насихаттауға, ұлттық спорт түрлерін дамытуға және қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған. Мерекелік жарыстар көктемгі жаңару мен бірлік мерекесінің маңызды бөлігіне айналады.