Бүгiн 2026, 08:11 Фото: freepik

Наурызнама аясында Қазақстан музейлерінде қайырымдылық іс-шаралары өтті

Іс-шара балаларды қолдауға, Наурыз мейрамының мейірім мен бірлік құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ олардың әлеуметтік бейімделуі мен шығармашылық дамуына бағытталды.

Наурыз мейрамы қарсаңындағы Наурызнама онкүндігі аясындағы Қайырымдылық күніне орай Қазақстан музейлерінде ерекше қолдау мен қамқорлықты қажет ететін балалар мен отбасыларға арналған бірқатар игі іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі базасында инклюзивті балаларға арналған «Наурызым мерекем – Наурызым берекем!» атты қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шара балаларды қолдауға, Наурыз мейрамының мейірім мен бірлік құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ олардың әлеуметтік бейімделуі мен шығармашылық дамуына бағытталды.

Бағдарлама аясында SANAT өнер және білім беру орталығы концерттік бағдарлама ұсынып, демеушілер тарапынан балаларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар Ұлттық музей ұжымы Қайырымдылық күні аясында мұқтаж отбасыларға атаулы көмек көрсетті. Музей қызметкерлері бірнеше баланы тәрбиелеп отырған, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін баласы бар отбасыларға барып, азық-түлік себеттерін тапсырды.

Қайырымдылық бастамаларына Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі де қосылды. Мұнда Алматы қаласындағы №9 арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілеріне арналған мәдени-танымдық іс-шара өтті.

Балалар қазақ және әлемдік бейнелеу өнері туындыларымен танысып, суретшілердің шығармашылығы туралы мағлұмат алды және танымдық квестке қатысты. Іс-шара соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Бұл бастамалар Наурыз мейрамының тек мерекелік көңіл-күймен ғана емес, жанашырлық пен қамқорлық секілді ізгі дәстүрлермен де сабақтас екенін тағы бір мәрте көрсетті.