Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти болып қайта сайланды
Астана қаласында өткен Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасы ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, Құрылтайға жиналған 300-ге жуық делегат осы кандидатураға бірауыздан дауыс беріп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфти лауазымына қайта сайлады.
Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300-ге жуық делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына қайта сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Мәселен, алдағы 2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқаруға баршаңызды шақырамын, - деді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетейік, Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына екінші рет сайланып отыр. Ол 2020 жылы ҚМДБ төрағалығына сайланған.
Наурызбай қажы Тағанұлы 1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген.
1993-1997 жылдары Ташкентте «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып, жоғарғы діни білім алған.
1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтында оқыған.
2009 жылы Мысыр Араб Республикасында діни білімін жетілдірген.
2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Тарих» мамандығы бойынша сырттай оқып, жоғары білім алған.
2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.
2017-2020 жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.
Айта кетейік, Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасы рухани-діни консультативтік-кеңесші орган ретінде бірқатар бастамаға мұрындық бола алады. Бұл туралы ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласында өтіп жатқан «Мүфтилер алқасында» мәлім етті.