Елдік мүдде ұтылмауы тиіс – Наурызбай Байқадамов
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Жаһандану кезінде елдің бірлігі, ынтымағының маңыздылығы күн санап артып келеді, ендігі жұмыс болашақ үшін бір жұдырыққа түйілгеніміз дұрыс. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті қызметіне ресми кірісуіне байланысты осындай ой айтты.
Наурызбай Сейітқалиұлының айтуынша, Ұлы дала мәнін де өзектілігін жоғалтпаған бірнеше ұстанымның бірегейі – елдің бірлігі.
«Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев ағамыз «кез келген халықты бостандық бодандықтан да қатты сынайды» деп жазған болатын. Ұлы далада мәнін де өзектілігін жоғалтпаған бірнеше ұстанымның бірегейі – елдің бірлігі. Сол ата-бабадан келе жатырған халықтың бір тұтастығы – бүгінгі ұрпаққа аманат. Ал, аманаттың жауапкершілігінің салмағы ауыр», - дейді Байқадамов.
Оның пікірінше, қазақ елі алдын ала байбалам салушылықтан сақтанып, әр нәрсеге байсалдылықпен қараған ұлт.
«Заңды түрде сайланған президенттің қызметіне кірісуінің салтанатында сөйлеген сөзі еліміздің алдағы ұстанатын бағыты ретінде маңызды. Бұл тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің кезеңіндегі жүріп өткен жолымызды әбден саралап, тағылымдарын сараптап жасалған ұстаным деп есептеймін. Салтанатты жиынға қатыса отырып, дұрыстығы тарихтың, уақыттың безбенінен өткен сарабдал саясатымыз жалғасын табатынына сеніміміз арта түсті», - деді ол.
Облыстық мәслихат хатшысы мемлекет басшыларының тарихта алатын орны орасан екенін айтты.
«Сондықтан мемлекет басшысын болашақ даттамас үшін мойнымен көтерер жауапкершілігі одан зор. Әлемдік философияда өзіндік орны бар Ницшенің «сен өзіңде барды қадірлей білсең, онда сен шын бақытты боласың» деген тұжырымы бар. Біз адамдар қарапайым ақиқатты елемегеннен көп азап тартып келеміз. Ұлы саяси мұратымызды саяси «шындықпен» ауыстырып алмайық. Бір нәрсе ақиқат. Ол еліміздің әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз ел екендігі. Бір осы үшін бәріне кешіріммен қарауға болады. Қай кезде де болса да тұрғындардың биліктен талап ететіні – әділеттілік. Әркімнің пікірі әртүрлі. Әділеттілік жөнінде әркімнің өз түсінігі бар. Алайда, елдік мүдде ұтылмауы тиіс. Сондықтан жаһандану кезінде елдің бірлігі, ынтымағының маңыздылығы күн санап артып келеді. Ендігі жұмыс болашақ үшін бір жұдырыққа түйілгеніміз дұрыс. Президенттің алға қойып отырған мақсаттарын тереңінен түсінуіміз әрі түсіндіруіміз арқылы қолдау жасағанда ғана асыл мұраттарымызға жақындай түсеміз», - деді Наурызбай Байқадамов.
Оның айтуынша, мемлекет алға басу үшін сын да керек. Ол – заңдылық.
«Бірақ белгілі қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның кезінде «мықтылардың бірінші әрі қатыгез жауы – оларға деген қызғаныш» деп жазғанындай, қызғанышпен, күншілдікпен санамызды улағанымыз жараспас. Біз неге соңғы кезде байбалам салып, әлеуметтік өшпенділікті насихаттаушыларға тез сеніп, жақсылықты айтқандарға күдікпен қарайтын болдық? Басшыны қоштап сөйлегеннен гөрі қарсылық білдіріп сөйлегенді «шыншыл» деп мойындауға жақын тұрамыз. Аялап айтқанды жағымпаз, табалап сөйлегенді батырлыққа балауға бейім болып келе жатырмыз. Қазақ өзінің елдік мүддесіне келгенде жақсысын асырып, жаманын жасырып сөйлеген. Мен үшін тарихтың ашқан ұлы жаңалығы – адамдардың үйренбейтіндігі. Бәрін түсіндіруге болады, бірақ бәріне емес. Қазақ тарихының ұлы жолының барлығында ел мүддесі бәрінен жоғары тұрған. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса, талай белестерді бағындырамыз, тұрмыс сапасы күннен-күнге арта түседі», - деп сөзін түйіндеді Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Сейітқалиұлы.