Алматының Наурызбай ауданындағы ШОБ 7,5 есеге артты – әкім
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы 7 ай көрсеткіші бойынша аудандағы Шағын және орта бизнес көлемі де 7,5 есеге артты. Бүгінгі таңда 5 мыңнан аса кәсіпкер бар. Бұл туралы Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай брифинг кезінде айтты.
Аудан әкімі жиын барысында соңғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жайында баяндап берді.
“Соңғы жеті айда аудандағы салық түсімі 5,7 млрд теңгені құрады. Жылдық жоспар бойынша 9,3 млрд теңге болады деп отырмыз. Соның ішінде жергілікті бюджеттікі 3,6 млрд, ал республикалық бюджеттікі 2,1 млрд теңге. Аудан құрылғалы бері салық өсімі 23 есеге өсті. Бастапқыда 300 млн теңге ғана түсетін”, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол, шағын және орта бизнес көлемі де 7,5 есеге артқаны жеткізді.
“Бүгінгі таңда 5 мыңнан аса кәсіпкер бар. Жыл басынан бері ауданда 4,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Аудандағы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі осы жеті ай ішінде 3,9 млрд теңгені құрап, физикалық индексте 104 пайызды құрап отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 27 млрд теңге. Аудан алғаш құрылғанда бұл көрсеткіш 7 млрд көлемінде болған. Осы жылы біз инвестицияла көлемін 43 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз”, - деді Санжар Тоғай.
Сөз арасында ол, халықпен әлеуметтік желі арқылы байланысу үшін фейсбук, инстаграм желілерінде парақшаларын тіркеп, ол жерде тікелей өзінің телефон нөмірін көрсеткенін айтты.
“Оған кез келге адам тікелей хабарласып, маған арыз-шағымын жеткізе алады. Бұл ашықтық саясатын жүргізу тұрғысында атқарылып жатыр. Әлеуметтік желіде аудан тұрғындарынан 5,2 мың өтініш келіп түсті”, - деді ол.
Наурызбай ауданы 2014 жылы құрылған қаладағы жас аудан. Ауданда 200 мыңға жуық халық тұрады. Жер қоры 30 мың жер телімін құрайды.