Әкім Наурызбай ауданында халықтың 50% су тапшылығын көріп отырғанын айтты
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Су тапшылығы ауданымыздағы ең үлкен мәселенің бірі. Халықтың 50%, яғни 69 мыңдай адам су тапшылығын көріп отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай брифинг кезінде айтты.
Оның айтуынша, су мүлдем жоқ деп айтуға келмейді, әсіресе жазғы бау-бақша суару кезінде су тапшылығы орын алатын көрінеді.“Ақжар, Тастыбұлақ, Таусамалы, Қарағайлы ықшамаудандары бұрын саяжай болған. Халық уақытша тұратындықтан ол жақ ауыз сумен толық қамтамасыз етілмеген. Қазір зәулім үйлер түсіп, халықтың суға деген сұранысы артып отыр. Ол аумаққа тартылған су желілері де ескірген”, - дейді ол.
Әкім су тапшылығын жою үшін өткен жылы жаңа жоба әзірлегендерін айтады.
“Ол аяқталып қалды, қазір сараптамадан өткізіліп жатыр. Ақжардағы үйлердің бәрін жаңа су желісіне қосу жұмыстарына екі жыл уақыт кетеді, су мәселесі бойынша осы ықшам ауданнан көп арыз-шағым түседі. Ол жерде жол да жаңартылмады, өйткені алдымен су тартамыз, содан соң жолға асфальт төсейміз”, - дейді аудан әкімі.
Сөз арасында ол аудан құрылғалы жолдардың 64% асфальт төселгенін айтты.
“Осы жылы 25 шақырымды құрайтын 25 көшені жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтадық. Жыл басынан бері 17 шақырымды құрайтын тратуар салынды. Көшені жарықтандыру, велосипед жолдарын салу жалғасуда. Бүгінде аудан аумағында 20 қоғамдық көлік маршруты қызмет етеді. Халықтың өтініші бойынша екі автобустың маршрутын ұзарттық, тағы екі жаңа маршрут ашылды. Қазір бос жатқан жер телімдерін біздің әкімдікке беру бұйрығы шықты. Ол жерге автопарк салуды жоспарлап отырмыз, ол ауданымыздағы қоғамдық көлік мәселесін шешеді”, - дейді Санжар Тоғай.
Естеріңізге сала кетейік, Алматының Наурызбай ауданындағы ШОБ 7,5 есеге артқанын айтқан едік.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Шеруге ресми рұқсат берілуі маңызды мәселе – Мұрат Әбенов
Келесі жаңалық
Жетісуда медицина деңгейі төмен
Өзгелердің жаңалығы