"Наурыз" тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың басым бөлігі - ер адамдар

Бүгін 12 500 қазақстандық "Наурыз" бағдарламасының қатысушысы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өтініш берушілер мен жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың толық тізімі Отбасы банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) ресми сайтында жарияланған.

Барлығы 38 320 өтінім өңделді. Оның әрбір үшіншісі қатысушылар тізіміне енді.

"Наурыз" бағдарламасына қатысушылардың басым бөлігі - ер адамдар.

Тізімге енген 12 500 адамның 7 151 отбасылы қазақстандықтар, 9 100 кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар. Қатысушылардың шамамен 47% тұрғын үй кезегінде тұрғандар, олардың жартысы халықтың әлеуметтік осал санатына жатады.

Ең жас қатысушы – Шымкент қаласының 18 жастағы тұрғыны. Ол политехникалық колледжде IT мамандығы бойынша білім алуда. Отбасы банкінен депозитке ашып, алғашқы жарнаға қаражат жинауға баланың ата-анасы көмектескен екен. Енді тәлімгер Алматыда пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.

"Наурыз" бағдарламасына қатысушылар 15 шілдеден 14 қыркүйекке дейінгі уақыт аралығында Отбасы банкіне кредиттік өтінім беруі тиіс. Егер бағдарламаға қатысушы заем бойынша оң мақұлдау алса, онда желтоқсан айының ортасына дейін баспана тауып, оны сатып алуға уақыты болады.

Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;

- тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;

- балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);

- халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;

- 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.

"Наурыз" бағдарламасының шарттары:

  • алғашқы жарна - 20%-дан бастап;
  • тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);
  • азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);
  • несие мерзімі - 19 жылға дейін.

"Наурыз" бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:

- алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;

- моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй, жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын көлемде.

Заемның ең жоғарғы мөлшері:

- Алматы мен Астана қалалары үшін - 36 млн теңгеге дейін.

- қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Бағдарламаға қатысушы бастапқы тұрғын үйді Баспана маркет порталынан (otbasybank.kz) таңдап, брондай алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.

Қазіргі уақытта банк Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) "Отау" бағдарламасына қатысушылар үшін де, "Наурыз" бағдарламасына қатысушылар үшін де тұрғын үй нысандарын белсенді орналастыруда. Қазір таңдауға 13 789 пәтерден тұратын 480 тұрғын үй кешені ұсынылған. Бұл тізім күн сайын толықтырылып отыр.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы