Наурыз тойы – ұлттық мереке

Ежелден халқымыз әз Наурыз мерекесін ерекше тойлаған. Оны ата-бабаларымыз «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған.
Бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мерекесі әлемге жылулық әкеледі. Табиғат ана құлпырып, жер-ана бусанып, жұмыр жер бетіндегі жанды нәрселердің бойына қан жүгіреді, ағаштар бүршік жара бастайды.
Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке. Қыстан аман шыққан халық айналасынан сүйінші сұрап, ұлан-асыр той жасап қарсы алатын болған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Наурыз мейрамының төл мағынасын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өткен болатын. Содан бері жыл сайын Наурыз тойын тойлауға он күндік жоба-жоспар бекітіліп, ұлттық мерекенің маңызы айқындала түсті.
Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша, елдік тұрғыда жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру аясында Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мейрамы ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдама әзірленіп келеді. Биыл да он күн ойын-сауық құрып қана қоймай, ұлттық құндылықтар дәріптеле түспек.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі, сондай-ақ мерекенің жаңа логотипі бекітілді.
"Наурыз" бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді.
Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы
Қазақ мәдениетінде Наурызды тойлау дәстүрі ешқашан бір күнмен шектелмеген. Егер Наурыз Орталық Азияда, Таяу Шығыста, Кавказда, Балқан елдерінде халықаралық деңгейде аталып өтетін мейрам болса, онда Наурызнама – кемінде 8 күнге созылатын Ұлы даланың халықтық мерекесі. Бұл туралы кезінде Абай Құнанбайұлы, белгілі этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазған.
Осылайша, Наурызнама – жасанды жаңашылдық емес, керісінше, көпкүндік мерекелеу арқылы оның қыр-сырын ашып, дәстүрлі сипатын дамытуға бағытталған.
2024 жылы онкүндік аясында елімізде 800-ден астам іс-шара, соның ішінде көрмелер, фестивальдар, әдеби-музыкалық кештер, қайырымдылық акциялары, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бірегей мереке әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы тұрғындарды ұлттық дәстүр төңірегіне біріктіріп, өзара түсіністік пен құрмет атмосферасын қалыптастырады.
Береке мен бірліктің мерекесі Наурыз – өткен мен бүгіннің, Қазақстанның түрлі мәдениеттері мен дәстүрлерінің арасындағы көпір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтауында оның маңызын ерекше атап өтті.
Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді, – деді Президент.
Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналған. Бұл мерекенің мағынасы мен мәнін тереңдетуге мүмкіндік береді. Жаңару жеке қарым-қатынастардан бастап қоғамдық құндылықтарға дейінгі барлық салаларды қамтуы тиіс.
"Көрісу – Амал мерекесі" (аман-саулық сұрасып, ағайынмен кездесулер және игі тілектер күні), "Қайырымдылық" (қайырымды істер күні), "Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр" (ұлттық салт-дәстүр мен мәдениет күні), "Шаңырақ" (отбасы күні), "Ұлттық киім" күні, "Жаңару" күні, "Ұлттық спорт" күні, "Ынтымақ" (бірлік пен ынтымақ күні), "Жыл басы" және "Тазару" күні сияқты тақырыптық күндер қазақстандық мәдениет пен құндылықтардың маңызын айшықтайды.
Наурызнама – ел бірлігін нығайтудың маңызды ішкі факторы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымын бекітудің маңызды элементі.
Биыл Наурызнама онкүндігі аясында еліміз бойынша халықтың дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған.