Наурыз, Наурызбай, Наурызгүл...

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Дүние жаңарып, күн мен түн теңесетін, елдік пен еңбекке шақыратын Наурыз мейрамының қазақ халқы үшін қадірі ерекше. Тіпті, Ұлыстың ұлы күнінің құрметіне шыр етіп дүниеге келген сәбиінің есімін береді. Наурыз, Наурызбай, Наурызгүл деп аталатын азаматтар осы қасиетті айда туғандар.

Мәселен, Тереңөзек кентінің тұрғыны Наурызбек Тоқтыбаев 1969 жылы осы айда туған. Ол 30 жыл бойы көлік жүргізуші болып жұмыс істеп келеді. Қазір қоғамдық көлікпен жолаушы тасымалдайды. Төрт баланың әкесі. 


Ата-анам дүниеге ат ұстар келді деп қуанып, Ұлыстың ұлы күнінің құрметіне есімімді Наурызбек деп қойды. Мен туған жылдары бұл айдың қадір-қасиетін терең түсінбейтінбіз. Өсе келе бәрін білдік. Бертінде, 1989 жылы ел болып тойлайтын дәрежеге жеттік. Есімімді Наурыз мерекесімен байланысты болғанына ризамын, - деген Наурызбек 22 наурыз мейрамы өзі және отбасы үшін ерекше екенін жеткізді. 

Келесі кейіпкеріміз де көлік жүргізеді. Есімі Наурызбай Мұрсал, "Сыр медиа" серіктестігінде еңбек етеді. 


Мен 1995 жылы тура 22 наурыз күні туғанмын. Шешем Тоты есімімнің осы мерекемен байланыстырғанын қалапты. Сосын Оразкүл Қозкенова деген апай молшылық, мейірім мерекесінің құрметіне ырымдап "Наурызбай" деп атапты. Бірақ бәрі мені қысқартып Наурыз дейді. Наурыз айында жерге көк шығып, табиғат оянып, далада қызу тірлік басталады. Сондықтан мен де жаңа қуатпен, жаңа серпіліспен өмірге қадам басамын, өзіме есеп беремін. Оның үстіне, отбасымда бүгін қос мереке тойланады. Иә, бүгін менің күнім, менің мерекем, - дейді ол. 

Ал Наурызгүл Аманова Арал ауданы Ерінбетжаға ауылында 1994 жылы 21 наурызда дүниеге келіпті. 


Есімімді атамның ағасы Алшан ата қойды. 21 наурызда мереке тойланып жатқанда туған екенмін. Бәрі қуанып, әулеттің үлкеніне атымды қойдырған. Сол жылы үйіміз өртеніпті. Ағам Алтынбек ол кезде кішкентай, ауладағы шөпке балалықпен от қойған ғой, содан лапылдап жанған. Жалыны үйді шарпыған. Ал үйде мен қалып қойыппын. Лаулаған өрттен үйге ешкім кіре алмайды. От жақындатпайды. Қысылтаяңда анам Бибігүл жылап әулие әрі батыр Ақтаннан шапағат сұрайды. "Я Ақтан батыр, жәрдем бер" депті. От басылғасын үйге кірсе, мен жатқан бөлмедегі қабырғада ілулі тұрған Ақтан батырдың картинасы үстіме құлап, мені оттан қалқалап қалыпты. Отбасымызда мен туған жыл осындай оқиғалармен еске алынады, - дейді ол.
Наурызгүл наурыз айын айрықша жақсы көреді. Жақында көктемнің шуақты мерекесі 8 наурызда Ерсұлтан есімді сәбиін дүниеге әкелді.
Жолдасымның аты - Нұрсұлтан. Атамыз әкесімен ұйқастырып немересіне Ерсұлтан деп ат қойды. Биыл наурыз айы жанұямызға құт болып енді. Өкінішке қарай бұл жолы мерекені дүркіретіп тойлай алмаймыз. Елде белең алып бара жатқан дертті тезірек жеңіп, амандықта болсақ қазіргі кезде бізге сол негізгі қуаныш, - дейді Наурызгүл.

Қызылорда қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Шәрікүл Әбдіразақованың айтуынша, Қызылорда қаласында 1991 жылдан бері 29 адамға Наурыз деп қойылған.

Ал Наурызбай, Наурызбек, Наурызгүлдерді есептемедік. Оларды қоссақ наурыз айымен байланысты есімдердің саны еселенеді", - дейді Шәрікүл Әбдіразақова. 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы