Наурыз мейрамына Алматыға әлемнің 6 елінен 170 қолөнер шебері келеді

Алматы, BAQ.KZ. Көктемгі күн мен түннің теңелу мерекесі қолөнер шеберлерінің келуімен ерекшеленеді. Шеберлер көрмелер мен жәрмеңкелерге, шеберлік сабақтарына келушілерге өз өнерлерін таныстыратын болады.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қалалық Мәдениет басқармасының хабарлауынша, көктемгі мереке ұлттық дәстүрдегі халық серуендерінен басталады. Онда шетелден келген қолөнер шеберлері де болады: Түркиядан келген қолөнершілер әдемі ыдыс-аяқ пен шыны әшекей жасауды үйретсе, якут зергерлері асыл тастар туралы баяндайды, ал қырғыз шеберлері ерлерге ат әбзелдерін жасауды үйрететін болады. Бұған қоса, жәрмеңкеге келушілерді қышқа және жібек матаға өзбек нақышындағы ою-өрнек салуды, әйгілі түркмен кілемін тоқуды үйрету бойынша қызықты сабақтар күтеді және олар жаңа ғана ұстаның қолынан шыққан музыкалық аспаптарда ойнау мүмкіндігіне ие бола алады.

«Алматы, Петропавл, Ақтау мен Түркістаннан келген шеберлер темірден, қыштан, киіз бен ағаштан жасалған өз бұйымдарын таныстырады. Ал жібектен, жүн мен барқыттан тігілген киімдер сәнқойлардың көңілінен шығады деген сенімдеміз», - делінген хабарламада.

Мерекені ұйымдастырушылар жастарды да назардан тыс қалдырмады, «Жастар жылы» аясында перфоманстар, ұлттық нақыштағы заманауи өнер көрмелері, сондай-ақ сүйікті әртістердің өнер көрсетулері жоспарланып отыр.

Айта кетері, төрт күнге созылатын мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтары түрлі концерттерді, жәрмеңкелер мен фестивальдерді көріп, тамашалай алады. Олар Астана алаңында, Панфилов пен Жібек жолы көшелерінде, «Атакент» көрме кешенінде, «Алматы Арена» мен «Халық Арена» спорт кешендері маңында, сондай-ақ «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде өтеді:

22, 23 наурыз – Астана алаңы;

21-24 наурыз – Панфилов, Жібек жолы көшелері;

22 наурыз – «Нalyk Arena» Мұз айдыны кешені;

22 наурыз – «Алматы Арена» Мұз сарайы;

22 наурыз – «Атакент» ҚІЫО;

23 наурыз – «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндері кешені.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы