Наурызда көшеден тамақтану қаншалықты қауіпті? – маман пікірі
Маманның сөзінше, тағамнан уланудың алдын алу үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау қажет.
Наурыз мерекесі күндері қонақжайлылық артып, әр үйде мол дастархан жайылады. Алайда мерекелік ас мәзірін таңдауда қауіпсіздік талаптарын ескерудің маңызы зор. Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арыспаев Мұхамғали мереке кезінде тағам өнімдерін таңдауда сақ болуға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Наурыз мейрамы кезінде көшедегі сауда орындары мен дайын тағам ұсынатын нүктелер саны көбейеді. Бұл өз кезегінде сапасыз немесе санитарлық талаптарға сай келмейтін өнімдердің таралу қаупін арттырады.
Наурыз – ұлттық тағамдардың молынан дайындалатын кезеңі. Әсіресе наурыз көже, бауырсақ, ет тағамдары кеңінен ұсынылады. Сондықтан тұрғындар тағамды таңдағанда оның қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы тиіс, – дейді Арыспаев.
Маманның сөзінше, тағамнан уланудың алдын алу үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау қажет.
Біріншіден, дайын тағамды тексерілген және санитарлық талаптарды сақтайтын орындардан сатып алу керек. Рұқсат етілмеген сауда нүктелерінен алынған өнімдер денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.
Екіншіден, өнімнің сақтау шарттарына мән беру маңызды. Тағам тиісті температурада сақталып, сыртқы әсерлерден қорғалуы тиіс.
Үшіншіден, тағамның сыртқы түрі мен иісіне назар аудару қажет. Егер өнімнің түсі өзгерген немесе жағымсыз иіс байқалса, ондай тағамнан бас тартқан жөн.
Сондай-ақ дайындалған уақытына мән беру керек. Әсіресе ет және сүт өнімдері тез бұзылатындықтан, олардың жаңа дайындалғанына көз жеткізу маңызды.
Маман үй жағдайында да қауіпсіздік шараларын ұмытпау керектігін атап өтті. Көп мөлшерде дайындалған тағамды дұрыс сақтамаса, ол да улануға себеп болуы мүмкін.
Дайын тағамды бөлме температурасында ұзақ қалдырмау қажет. Тоңазытқышта сақтау және қайта қыздыру талаптарын сақтау – қауіпсіздіктің басты кепілі, – дейді ол.
Қарапайым санитарлық талаптарды сақтау арқылы әрбір азамат өз денсаулығын қорғап, Наурыз мейрамын көтеріңкі көңіл күйде өткізе алады.