Наурыз мерекесі. Кімге не сыйлауға болады?
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Алты ай қыстан аман шыққан жер дүние күн нұрына бөленетін шаққа жақындады. Алда Ұлыстың ұлық мерекесі – Наурыз. Жаңа жылда жақындарыңызға қандай сый жасауға болады? Мерекеге орай базар мен дүкендерді жағалап, қарағандылықтардың Наурызға дайындығын байқап қайтқан едік.
Мереке алдындағы қарбалас барлық сауда нүктелерінде анық байқалады. Базар маңында көлік те әдеттегіден тым көп. Сапырылысқан, сеңдей соғылған халыққа ілесе бізде Қарағандының қақ ортасындағы «Самал» базарына келдік. Тойбастар, ыдыс-аяқтар сатумен айналысатын сауда нүктесіне кіріп, мерекеге кімнің қандай сый алып жатқандығын сұраған едік.
«Бұрынырақта Наурыз мерекесінде сыйлық сатып алушылар көп болмайтын. Қазір ата-әжесіне, әке-шешесіне, туғандары мен достарына сыйлық алушылар қатары көбейген. Клиенттердің көпшілігі ұлттық нақыштағы кәдесыйлар сұрайды. Сонымен қатар, аналарына, әжесіне арнап орамал сатып алушылар көп. Біз осындай орамалдарды мерекеге орай арнайы тапсырыспен алдырып, оның сыртқы безендірілуіне де көңіл бөлдік. Мысалы, мына қораптағы жамылғы сыйлық жасаушы мен сыйлық алушының да көңілінен шығады деп ойлаймын», - дейді Әсемгүл есімді сатушы.
Оның айтуынша, әдемі қағаз қораптағы орамалдардың бағасы 2000 теңгеден жоғары.
«Әжелерге сый жасауда ұлттық нақыштағы камзолдар мен желеткелер де сұраныста. Олардың бағасы 4000-25000 теңге аралығында. Ұлттық киімдер матасына, тастарының көптігіне қарай бағаланады. Сондай-ақ, кейінгі кездері дүкенге келушілер қазақтың ұлттық стиліне сай жасалған әшекей бұйымдарды да көптеп сұрайды. Білезік, шолпы, сырға сияқты әшекейлерді келесі жылы Наурызда сатылымға шығарамыз деп жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Сауда нүктесіне бас сұққан келіншекті сөзге тарттық. Айтуынша, әріптесіне сыйлық алуға келіпті.
«Наурыз мерекесіне орай әріптес қыз-келіншектер арасында жеребе тастап, бір-бірімізге сыйлық жасаймыз. Иығына жамылып жүрсін деп қазақтың ою-өрнегі басылған орамал сатып алдым. Қыстың аяқталып, күннің жылынып, айналаның жадырай түсетін шағында тойланатын мереке болғандықтан орамалдың жасыл түсін таңдадым. Әріптес келіншекке ұнайды деп ойламаймын. Наурызда тек ас ішіп, аяқ босатпай жақындарымызға ұлтымыздың дәстүрін дәріптейтін бұйымдарды сыйлаған дұрыс емес пе?», - дейді қала тұрғыны Ләззат Жайлаубекова.
«Самал» базарынан шығып, қаланың Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында орналасқан «Галерея» сауда үйіне келдік. Мұнда да қара-құрым кісі. Дүкеннің бірінші қабатында орналасқан бірнеше сауда нүктесіне бас сұғып, Наурыз мерекесінде клиенттеріне қандай тауарлар ұсынатындығын сұрадық.
«Элиталық ыдыс-аяқ сататын болғандықтан, біздің тауарымызды көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Дегенменде, Наурыз мерекесіне орай әріптестеріне, ұжымдағы басшыларына кәдесый іздеп келетіндер бар. Қазір сатылымда қазақтың ұлттық оюы бейнеленген стакандар мен фужерлер, бокалдар бар. Олардың 6 данасының бағасы 15 мың теңгеден жоғары», - дейді сатушы.
Ыдыс-аяқ сататын орыннан шыққан соң осы сауда үйінің екінші қабатында орналасқан «Оймақ» бутигіне кірдік. «Оймақ» дүкені қазақы нақыштағы бұйымдарды ғана сатуға басымдылық береді екен. Сөредегі бұйымдар әдемілігімен көздің жауын алады. Құдды бір мұражайда жүргендей əсер аласыз. Бірінен-бірі өткен тауарлардың бірнеше сағат қызықтауға болады.
Мұнда қазақтың тұрмыс-салтынан, көшпенді өмірінен хабардар ететін түрлі кәдесыйлар, төсек жабдықтары, ыдыс-аяқтар, киімдер және тағы да басқа заттар сатылады. Қысқасы көңіліңізден шығатын, қалтаңыз көтеретін кез келген затты осы жерден сатып алуға болады.
«Өздеріңіз көріп тұрған біз қазақтың ұлттық бұйымдарын сатумен айналысамыз. Бізде киіз үй бөлшектерінен бастап, ұлттық аспаптар, бесік пен оның жабдықтары, көрпе-жастық, кілемдер, ыдыс-аяқтың түр-түрі, күмістен жасалған әшекей бұйымдары және басқа да түрлі кәдесыйлар, сувенирлер ұсынылған», - дейді «Оймақ» дүкенінің сатушысы Бақыт.
Бақыттың айтуынша, Наурыз мерекесіне дүкен айрықша дайындалады. Себебі мұнда сыйлық іздеп келушілердің қатары артады.
«Сатып алушылар қазақтың ұлттық киімдерін, төсек жабдықтарына қызығушылық танытады. Олар тіпті біздегі бағаның базар бағамынан төмен екендігін айтып жатады. Біз клиенттерімізге қалаған, іздеген бұйымын, сыйлығын тауып беруге тырысамыз. Әрі кімге қандай сый сыйлауға болатындығын айтып, көмектесуге дайынбыз», - дейді сатушы.