Наурыз-маусым аралығында 150 мың науқас коронавирустан емделіп шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "МӘМС жүйесінің коронавирус инфекциясымен күресудегі үлесі" тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтты.
Наурыз-маусым аралығында Қазақстанда 150 мың науқас коронавирус пен пневмониядан емделіп шықты. Осы ретте наурыз айына қарағанда маусымда пайдаланылған төсек-орын мен ем-дом алу күні 8 есеге, инфекциялық стационарларда 20 есеге, провизорлық стационарларда наурыз айында 21 мың болса, маусымда бұл көрсеткіш 100 мың дейін ұлғайды. Осы мақсатта МӘСҚ ауруханаларға 9 млрд. теңгеден астам қаржы төледі. Медициналық көмек сапасын жақсарту үшін шілде айында медициналық ұйымдар үшін тариф көлемі артты. Енді Қор тарапынан провизорлық стационарда әрбір емделген күні мен төсек орын үшін 22 мың теңге, тәулік бойы стационарларда 32 мың теңге, науқасты анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде емдеу үшін – бір күндік емдеу мен төсек орны үшін 70 мың теңге төленетін болады, - деді ол.
Болат Төкежановтың мәлімдеуінше, аталған қызметтер тарифін арттыру қор жеткізушілерінің санын кеңейтуге, коронавирус пен пневмония бар пациенттерді емдеуге жеке ауруханаларды белсенді тартуға, сондай-ақ стационарлардағы медициналық көмектің сапасын ынталандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, медициналық сақтандыру қоры стационарлар мен емхана дәрігерлерінің жолдамалары бойынша 300 мыңға жуық ПТР зерттеулеріне 3,5 млрд теңгеден астам сомаға төлем жасады. Жеткізуші зертханаларда тәуліктік диагностика жасау көлемі 32 мың тестке ұлғайды, - деді ол.