Наурыз көже қалай дайындалады және оған қанша ақша кетеді?
Наурыз мейрамының басты дәмі – Наурыз көже.
Наурыз мейрамының басты дәмі – Наурыз көже. Бұл тағам – молшылықтың, берекенің және жаңарудың символы. Дәстүр бойынша көжеге кемінде жеті түрлі дәм қосылады. Әрбір ингредиенттің өзіндік мәні бар: ырыс, денсаулық, тоқшылық пен ұзақ өмірді білдіреді. BAQ.KZ тілшісі наурыз көженің қалай дайындалатынын және оған қанша қаражат кететініне шолу жасап көрді.
Наурыз көжеге не қосылады?
Классикалық нұсқада Наурыз көжеге мына 7 тағам қосылады:
- Су
- Ет
- Тұз
- Май
- Ұн немесе тары, бидай
- Сүт немесе айран
- Дәнді дақылдар (күріш, арпа, жүгері)
Қазіргі таңда кейбірі көжеге кеспе, картоп немесе қосымша дәнді дақылдар да қосып жатады. Бірақ әр үй өздеріне ұнайтындай наурыз көжені қалаған ингредиенттерін қосып әзірлей алады.
Наурыз көжені қалай дайындайды?
Дайындау тәсілі өте қарапайым:
- Етті суға салып, баяу отта жақсылап қайнатады
- Піскен соң етті турап, сорпаға қайта салады
- Дәнді дақылдарды (күріш, тары, арпа) қосып пісіреді
- Тұз, май қосылады
- Соңында сүт немесе айран құйылады
- Барлығы бірге тағы біраз қайнатылып, дәмі келтіріледі.
Көже қою әрі тойымды болуы тиіс.
Наурыз көжеге қанша ақша кетеді?
Баға аймаққа қарай өзгеруі мүмкін, бірақ орташа есеппен:
- Ет (1 кг) – 3000-4000 тг
- Сүт, айран (1 л) – 500-700 тг
- Күріш, тары, жүгері арпа – шамамен 2000 тг
- Май – 500-1000 тг
- Тұз, су
Жалпы шығын: шамамен 6000-8000 теңге
Бұл сома 6-10 адамға жететін үлкен қазан көжеге есептелген.
Мысалы, елордадағы сол жағалаудағы дүкендердің бірінде ақ жүгерінің келісі 1680 теңге, сары жүгері 980 теңге түрады. Маштың келісі 1600 теңге. Күріштің бір келісі кемінде 400 теңгедей тұрады.
Наурыз көженің мәні неде?
Наурыз көже – жай тағам емес. Ол тоқшылық пен берекенің белгісі, өткен жылмен қоштасу және жаңа жылды ақ тілекпен қарсы алу.
Дәстүр бойынша әр үй Наурыз көже дайындап, қонақтарға ұсынады. Бұл – адамдар арасындағы татулық пен кеңпейілділіктің көрінісі.
Наурыз көже – қарапайым ингредиенттерден дайындалатын, бірақ мағынасы терең ұлттық тағам. Аз ғана қаражатпен көп адамға жететін бұл ас – қазақтың қонақжайлығының айқын дәлелі.