Наурыз көже, бауырсақ, палау, көшедегі ас
Наурыз мейрамы Орталық Азия халықтарының мәдениетінде айрықша мәнге ие. Бұл күн табиғаттың түлеп, жаңа жылдың басталуын және тіршіліктің қайта жандануын білдіреді. Мереке кезінде адамдар бір-бірімен жүздесіп, қонақ шақырып, ұлттық ас мәзіріне ерекше назар аударады.
Дәстүр бойынша Наурыз мол дастарханмен және ұлттық тағамдардың сан алуандығымен ерекшеленеді. Осы уақытта көшедегі сауда орындары мен дайын тағам ұсынатын нүктелердің саны көбейеді. Сондықтан мерекелік күндердің денсаулыққа зиянсыз өтуі үшін тағам өнімдерін таңдауға мұқият қарау қажет, - деп атап өтті ведомстводан.
Мерекенің басты асы – наурыз көже. Ол жеті түрлі өнімнен дайындалып, молшылық пен берекенің белгісі саналады. Сонымен қатар дастарханда бауырсақ, бешбармақ, қазы, шұжық, қымыз және ұлттық тағамдардың басқа да түрлері жиі қойылады.
Тағамнан улану мен басқа да жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін дайын өнімдерді сатып аларда бірнеше қарапайым талапты ескерген жөн:
Тамақты сенімді әрі тексерілген орындардан алған дұрыс. Санитарлық талаптар сақталатын қоғамдық тамақтану орындары мен ресми сауда нүктелеріне басымдық берген жөн.
- Өнімнің қалай сақталғанына мән беріңіз. Дайын тағамдар тиісті температурада тұруы, шаңнан, жәндіктерден және күннің тікелей сәулесінен қорғалуы тиіс.
- Тағамның сыртқы көрінісі мен иісін байқап көріңіз. Жаңа дайындалған асқа бөтен иіс, түсінің өзгеруі немесе бұзылғанын білдіретін белгілер тән болмайды.
- Қашан дайындалғанын нақтылап сұраңыз. Бұл әсіресе еттен, сүттен және тез бұзылатын өнімдерден әзірленген тағамдарға қатысты маңызды.
- Қолдан немесе рұқсат етілмеген орындардан тағам сатып алғанда сақ болған жөн. Мұндай өнімдер санитарлық талаптарды сақтамай дайындалуы мүмкін, бұл денсаулыққа қауіп төндіреді.
- Мереке күндері тағам көбіне көп мөлшерде әзірленетінін де ұмытпаған дұрыс. Үй жағдайында сақтау кезінде температуралық режимді сақтау, дайын асты бөлме температурасында ұзақ қалдырмау ұсынылады.
Қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындау денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Наурызды қуанышқа толы, қонақжайлық пен ізгі дәстүрлерге бай атмосферада өткізуге көмектеседі.