Наурыз 2026: Қазақстандағы барлық мерекелік іс-шара Digital Nauryz платформасында жарияланады
Қазақстандықтар мерекелік іс-шаралар туралы Digital Nauryz платформасынан біле алады.
Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі еліміз бойынша өтетін мерекелік іс-шаралар туралы ақпаратты біріктіретін Digital Nauryz онлайн-платформасын іске қосады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған. Осыған орай іске қосылатын Digital Nauryz платформасы елдегі технологиялық өзгерістер мен цифрлық трансформацияның символдарының біріне айналмақ.
Платформа GOV.KZ мемлекеттік порталының базасында жасалған және 14-23 наурыз аралығында жұмыс істейді. Ол бір цифрлық кеңістікте мерекелік іс-шаралардың анонстарын, жаңалықтарды және мерекелік шаралардың тікелей эфирдегі трансляцияларын біріктіреді.
Сайтта Қазақстанның барлық облыстары бойынша өңірлік бөлімдер ұсынылған. Соның арқасында пайдаланушылар нақты қала немесе өңірдегі іс-шаралар туралы ақпарат алып, қорытынды материалдармен таныса алады, сондай-ақ онлайн-трансляциялар мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға өте алады.
Платформа бірнеше тілді қолдайды және жасанды интеллект негізіндегі аударма функциясымен жабдықталған. Бұл ақпараттың кең аудиторияға қолжетімді болуына мүмкіндік береді.
Жоба Наурыз мерекесін атап өтудің бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастырып, көктемгі жаңару дәстүрін заманауи технологиялармен ұштастырады.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында Digital Nauryz платформасына апаратын бірыңғай баннер орналастырылған.