Науқас дәрігерінің телефонынан жалған қоңырау шалған
Қарағандының медициналық мекемелерінің бірінде келеңсіз оқиға болды. 17 жастағы науқас 112 арнасына қоңырау шалып, қалалық ғимараттардың бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы хабарлады,деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері ғимаратты және оған іргелес аумақты толығымен тінтіп шықты. Ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары жалған қоңырау жасалған абоненттік нөмірдің иесін анықтады. Ол медициналық мекеменің қызметкері болып шықты. Әйел телефонын палаталардың біріндегі үстелде қалдырып кеткенін айтты. Мұны пайдаланған жасөспірім бомба туралы хабарлаған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау – қоғамдық тәртіпке қол сұғатын қауіпті қылмыс. Мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұл қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған жағдайда залалды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.
Осындай қоңырау Петропавлдағы “SOS” дабыл батырмасына да келіп түсті. Ер адам қалалық нысандарды жарып жібергісі келетінін айтқан.
Жалған террорист “ізін суытпай” ұсталды. 44 жастағы әзілқой енді заң бойынша қатаң жауапқа тартылатын болады.