Наубайхана кәсібі – берекелі нәсібі. Фоторепортаж

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның қашан да берекесі мол болатыны анық. Ерінбей еңбек етіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырғандар қаншама! Солардың бірі – наубайхана өндірісін жолға қойған «Астаналық нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Кәсіпорын жұмысымен «Даму» қоры ұйымдастырған баспасөз туры аясында танысқан болатынбыз.



Нан – береке. Нан – байлық. Тәулігіне 25 мың бөлке нан пісіретін наубайхана 2014 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қорына жүгініпті. 



Нәтижесінде «Даму-Өндіріс» және «Даму Өңірлер» бағдарламасы арқылы қолдау тауып, несие алады. Ол қаражатқа Германия, Швеция, Швейцария, Италия елдерінен кәсіпорынға қажетті озық үлгідегі қондырғыларды сатып алған.




Осылайша, бізге сапалы нан өнімдерін шығаруға мүмкіндік ашылды. «Даму» қорына жабдық сатып алу үшін, сондай-ақ айналымдық қаражатты толықтыру мақсатында бірнеше рет жүгінген болатынбыз. Соңғы 5 жылдың ішінде ғана материалдық-техникалық әлеуетімізді жетілдіру үшін 400 млн теңгедей қаржы кетіпті. Біз ең алғаш кәсіпті бастағанда екінші деңгейлі банктер несиені 27-28%-бен беретін. Ал бүгінде «Даму» қоры кәсіпкерлерге бизнестерін жолға қоюға несиені 6%-дық мөлшерлемемен береді. Бұл үлкен көмек, - дейді наубайхананың бас директоры Әбдірахым Төлендиев.



Нан және нан өнімдерін аталған кәсіпорын арнайы өздері үшін шетелдік технологиямен жасатқан «құпия» іркіттің (ашытқы) көмегімен дайындайды. 


Бүгінде наубайхана күн сайын 15-20 тонна нан өнімдерін шығарады.






Күн сайын таңертең ертемен ыстық нан мен тәтті тоқаштар Нұр-Сұлтан мен Ақмола облысының аудандарына жөнелтіледі. 







Тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейтін кәсіпорын басшысы жылына бір күн ғана – Жаңа жылда демаламыз деп отыр.



Пандемияға қарамастан тынымсыз жұмыс істеген наубайхана індет өршіген шақта да халықты нанмен қамтамасыз етіп, «әлеуметтік нан» пісіріпті.





Бәрі тынымсыз еңбектің арқасы дер едім. Бізде жұмысшылардың 60%-дан астамы жастар. Наубайханада жұмыс екі ауысыммен тәуліктен-тәулікке жалғасып жатады. Бір минут та бос тұруға болмайды. Себебі нарықта бәсекелес көп. Өндіріс үшін кадрлардың тұрақты болуы өте маңызды. Еңбек еткен жанға барлық жағдай жасалынады. Наубайханамыздың қызметкерлерін жатақханаға орналастырамыз. Жұмыс уақытында үш мезгіл тамағы тегін беріледі. Бұл жерде еңбек етіп, тәжірибе жинақтап қана қоймай, өмірілк бақытын тапқандар да бар. Қарап отырсам, кәсіпорнымызда 30-дан астам отбасы өмірге келіпті, - деп атап өтті өндіріс басшысы.



Бақытын еңбектен тапқан ұжымның ендігі мақсаты – Ресей нарығын бағындыру.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы