Науқастардың 92%-ы КВИ анықталған сәттен оқшауланған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.
Қала бойынша бүгінгі күні COVID-19-дың расталған 1578 жағдайы тіркелген. Ағымдағы жылдың 8 мамырында коронавирус инфекциясын жұқтырған 108 жағдай тіркелді. Қауіпті індетпен ауырғандардың 92%-ы жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың ішінен анықталған. Себебі, мамандар вирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандарды жедел, дер кезінде бақылауға алып отыр.Науқастардың 7%-ы скринингтен өткен кезде, 1%-ы медициналық көмекке жүгінген кезде жоспарлы емдеуге жатқызу алдында анықталған.
Қазіргі таңда қаламызда профилактикалық скрининг әдісі енгізілген. Бұл – коронавирустық инфекцияны жедел әрі сапалы, дәл анықтайтын заманауи әдіс.
Мұндай әдіс енгізілгеннен бері, мысалы, өткен сәуір айында коронавирустық инфекцияны жұқтыру деңгейі тәулігіне 6%-дан аспағандықтан, қала экономикасын кезең-кезеңімен қалпына келтіру стратегиясы жүзеге асырыла бастады. Карантиннен қауіпсіз шығу үшін Алматыда инфекцияның жасырын ошақтарын белсенді анықтау мақсатында жаппай тестілеу жүргізілуде. Профилактикалық скрининг әдісінің берген тағы бір жақсы нәтижесі, 75% науқастың бойындағы қатерлі инфекция симптомсыз, өте жеңіл кезеңінде анықталды. Бұл, әрине, сырқаттың асқынуының алдын алады және тез сауығып кетуіне мүмкіндік мол. Екіншіден, бұл скрининг бізге жасырын індет ошақтарын да жедел анықтауға көмектесіп жатыр. Бір күнде анықталған 108 науқастың бәрі карантинде отырған адамдармен байланыста болғандар. Яғни, олар сыртқы ортадан, үйінен немесе жұмыс орнынан жұқтырып келмегендер. Біз ол деңгейге жеткізбедік, – деді Ж.Бекшин.
Сәуір айында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейту және тестілеу контингентін кеңейту нәтижесінде жұқтыру ошақтары анықталды. Байланыста болған барлық адам дереу оқшауланды. Бүгінгі күні жұқтыру жағдайлары осы топтағы оқшауландырылған адамдардың арасындағы анықталуда, демек, инфекцияның одан әрі таралу жолы кесілді.
Қаланың бас санитарлық дәрігерінің сөзінше, ПЦР диагностикасының ауқымы, яғни контингенті кеңейтілген. Бастапқы кезеңде ПЦР-тест жүргізетін 2 зертхана болған, ал қазір олардың саны 6-ға жетті. Бұл коронавирустық инфекцияның жолын кесу үшін үлкен күш деп білеміз. Нәтижесінде өзге аймақтармен салыстырғанда алматылықтардың ПЦР-тесттен өту көрсеткіші, яғни қамтылу деңгейі республика бойынша алғашқы орында тұр.
Алматыда осы уақытқа дейін жалпы 85 мыңға жуық адам коронавирус инфекциясын анықтау тестінен өтті, оның ішінде 61-мыңы ПЦР әдісімен, ал 24 мыңы эксперсс-тест бойынша.
ПЦР-диагностика қазіргідей сын шақта бізге ең сапалы әрі жедел, дәл нәтиже беріп отырғанын бас айта кетейін. Бұл індет қалада ең алғаш 13 наурызда тіркелгені белгілі. Ал қазір Алматы аурушаңдық шыңынан өтті. Үйдегі індет ошақтарының саны және тұрғындар арасындағы науқастар көрсеткіші азайған. Бұл – профилактикалық скрининг әдісінің жемісі. Бұдан әрі де қауіпті індетті жұқтырғандар санын осылай дер шағында анықтап, оқшаулау және олармен тығыз байланыста болған адамдармен жұмыс істеу әдісін ұстанамыз. Профилактикалық заманауи бұл әдіс инфекцияның сыртқы ортаға таралып кетпеуінің алдын алады және вирустың алғашы сатысында-ақ анықталады. Бүгінгі таңда осындай жұмыстардың нәтижесінде науқастар санының күнделікті өсу қарқыны 27%-дан 5%-ға азайған. Яғни, эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Біздің ойымызша бұл көрсеткіш те бара-бара одан әрі төмендейді, – деді Жандарбек Бекшин.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда карантин қашан аяқталады
Өзгелердің жаңалығы