НАТО жақын арада тарауы мүмкін
Бұл туралы альянстың Еуропадағы бұрынғы бас қолбасшысы, адмирал Джеймс Ставридис CNN арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ РБК-ға сілтеме жасап.
Ставридистің айтуынша, НАТО-дағы алауыздықтың күшеюіне АҚШпрезиденті Дональд Трамптың Украинаны қолдауды тоқтату туралы ниеті және альянс мүшелерінен қорғанысқа жұмсалатын шығынды 5 пайызға дейін арттыруды талап етуі себеп болып отыр.
Біз, бәлкім, НАТО-ның соңғы күндерін көріп отырмыз, – дейді адмирал.
Оның айтуынша, НАТО елдері Украинаға қолдау көрсету мен Ресеймен қарым-қатынасты реттеу арасында таңдау жасауға мәжбүр болады.
Қазірдің өзінде бірқатар еуропалық елдер жеке қорғаныс күштерін құру мәселесін талқылап жатыр. 2 наурыз күні Лондонда өтетін саммитте Еуропалық армия құру, Қорғаныс саласындағы ортақ басқару жүйесін қалыптастыру, Францияның ядролық қаруын Еуропаның ортақ қауіпсіздігіне пайдалану мәселелері қарастырылады.
Франция президенті Эммануэль Макрон бұл бастамаға қолдау білдіріп, Еуропа қауіпсіздігі үшін өз ядролық арсеналын ұсынуға дайын екенін айтты.
Ставридис Трамптың Украинаға көмектен бас тарту туралы шешімін “геосаяси қателік” деп атап, бұл қадам Еуропаның АҚШ-қа деген сенімін шайқалтуы мүмкін екенін ескертті.
Америкалық басылымдар Вашингтонның Киевке әскери көмекті тоқтатуды қарастырып жатқанын хабарлады. Алайда, кей сарапшылар мұндай шешімнің АҚШ-тың халықаралық беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
Егер бұл сценарий жүзеге асса, Еуропа өзінің тәуелсіз әскери альянсын құруға нақты қадамдар жасай бастауы мүмкін.