НАТО реформасы: Әскери басқару жүйесі өзгеретін болды
Одақтастар НАТО-ның Қолбасшылық құрылымындағы жоғары әскери лауазымдарды жаңаша бөлу туралы келісімге келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы альянстың ресми мәлімдемесінде айтылды.
Мәлімдемеде аталған келісім альянс ішіндегі жауапкершілікті әділ бөлу үдерісінің бір бөлігі ретінде қарастырылатыны атап өтілген.
Құжатта еуропалық одақтастардың НАТО-ның Қолбасшылық құрылымындағы жетекшілік рөлін кеңейту көзделетіні көрсетілген. «Бұл келісім сондай-ақ АҚШ-тың НАТО-ның басқару және қолбасшылық жүйесіне адалдығын растайды, соның ішінде Еуропадағы Біріккен Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы (SACEUR) лауазымын Америка Құрама Штаттарының сақтап қалатынын білдіреді», – делінген мәлімдемеде.
Хабарланғандай, Ұлыбритания қазіргі уақытта АҚШ басқарып отырған Норфолктегі Біріккен күштер қолбасшылығын өз қарауына алады. Ал Италия да қазір АҚШ жетекшілік ететін Неапольдегі Біріккен күштер қолбасшылығын басқарады.
Сондай-ақ Германия мен Польша Брунссумдағы Біріккен күштер қолбасшылығын кезекпен басқаратын болады.
Осы өзгерістердің нәтижесінде дағдарыс пен қақтығыс жағдайларында операциялық деңгейде басқару жүргізетін үш Біріккен күштер қолбасшылығының барлығы еуропалық елдердің басқаруына өтеді, – деп атап көрсетілген мәтінде.
Бұдан бөлек, АҚШ өз қарауындағы Құрлық әскерлері жөніндегі Одақтас қолбасшылық пен Әуе күштері жөніндегі Одақтас қолбасшылықтан бөлек, Әскери-теңіз күштері жөніндегі Одақтас қолбасшылыққа да жауапты болады.
Аталған өзгерістер алдағы жылдары персоналды ротациялау кестесіне сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – делінген мәлімдемеде.